«Қорғас» орталығында сауда-саттық жандана бастады

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында» сауда-саттық жандана бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы экономикалық аймаққа Қазақстан жағынан тәулігіне 1,5 мың адам кіріп-шығады. Олар халықаралық орталықтағы қызмет сапасының біршама жақсарғанын айтып отыр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- «Қорғастағы» тіршілік, міне, 3 жыл үзілістен соң қайтадан жандана бастады. Орталық ашылған 2 аптаның ішінде мұнда Қазақстан тарапынан 30 мыңға жуық адам кіріп-шыққан.

Кіру құны – 3 мың теңге. Билеттер онлайн түрде, терминал және касса арқылы сатылады. Отандастарымыз арнайы экономикалық аймаққа айына 1 рет кіріп, 31 келі тауар алып шыға алады. Сатып алған затыңыз 5 келіден аспаса, қол жүгі ретінде алып өте бересіз. Автобустар 20 минут сайын қатынайды. Байқағанымыздай, халықаралық әуежай талаптарына сай салынған терминалда бұрынғыдай ұзын-сонар кезек жоқ.

Адилям Сайдуллаева, сауда үйінің өкілі:

- Ақырындап туристер келіп жатыр. Біздің Қазақстан жақтан өту өте жеңіл. Қонақ үйлер бар, ол жақта қонуға болады. Асықпай келіп, аралап, 30 күн тұруға болады. Елдерге өте ыңғайлы.

Әсет Байғараев, «Қорғас» ШЫХО» департамент директоры: 

- Барлық жүйелер модернизациядан өтті. Паспорттық бақылау пункттері модернизация жасалды. Келушілер аумақтан жүкті алып, жүк қабылдау пунктіне өткізгеннен кейін 1 сағаттың ішінде өз жүгін алып кетуге мүмкіндік алды. Ал бұрын, пандемияға дейін ондай мүмкіндік болмаған.

Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы экономикалық аймақ аумағы жарықтандырылып, барлық жерге бейнебақылау камерасы орнатылған. Халықаралық орталықтың қазақстандық бөлігінде әзірге 10 шақты сауда үйі жұмыс істеп тұр. Мұндағы ірі кәсіпкердің бірі – АҚШ азаматы Герман Либерман. Ол Орта Азия, Еуропа елдерінен әкелінген киім-кешек пен кілем сатумен айналысады. Қытайлық туристер сапалы тауардан ақша аямайды. Әсіресе Қазақстанда өндірілген азық-түлікке деген сұраныс  жоғары.

Герман Либерман, кәсіпкер:

- 24 сәуірде «Қорғастағы» сауда орындары қайтадан жұмыс істей бастады. Біз бұған, әрине, өте қуаныштымыз. Бірнеше жылдан бері осында қосымша құн салығынсыз сауда жасаумен айналысып келеміз. Пандемиядан кейін жұмысты қайтадан жолға қойып жатқан жайымыз бар.

Гао Чен, турист:

- Маған Қазақстанда өндірілген азық-түлік тауарлары ұнайды. Осы жақтан алып, ішкі Қытайда саудаласам ба деймін. Арнайы экономикалық аймақтың қайтадан ашылуы екі мемлекет үшін де өте тиімді болады деген ойдамын.

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын» дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған стратегиялық тұжырымдамасы қабылданып, жүзеге аса бастады. Онда сауда-саттық, туристік кластерді өркендетуге барынша басымдық берілген. «Арнайы экономикалық аймақтың бас жоспарына сәйкес ірі сауда, ойын-сауық орталықтары мен қонақ үй кешендерінің құрылысы сияқты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру – күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Біз өзімізге келіп түскен жобаларды объективті түрде қарап, ашықтықты барынша қамтамасыз етуге тырысамыз», - дейді басқарушы компания өкілдері.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов.