Шымкент әуежайының айналасындағы жерді мемлекет қайтып алмақшы

Шымкент әуежайының айналасында тұрғын үй алабы көбейіп жатыр.

Салдарынан  ұшу алаңы тарылып, тұрғындарға да қауіп төнуде.  Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының өкілдері әуежайды айнала санитарлық аумақ құру жобасын талқылап жатыр. Ал халық үйін тастап, жаппай көшуге қарсы. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Өздеріңіз көріп тұрғандай Шымкент әуежайына жанастырып салынған тұрғын үйлерді арадағы қоршау ғана айырып ( бөліп )тұр. Осыған сәйкес әкімдіктегілер жер телімдерінің заңдылығын тексермек. Өйткені әуе айлағында арнайы санитарлы аумақ сақталуға тиіс.

Айымгүл Бейсенова халықаралық әуежайдың маңында он жылдан бері тұрады. Бастапқыда ұшақтың шуынан құлақ тұнып, ұйқы қашса,  қазір оған да үйреніп алдық дейді. Алайда мұндағы жер телемдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару туралы мәселе жиі көтеріліп жүр.  Енді заңды  жері мен шағын баспанасынан айырылып қаламын ба деп алаңдайды.

Айымгүл Бейсенова, Қызылжар ықшам ауданының тұрғыны:

- Қолымызда құжатымыз бар. Ал енді бұл үйді алып қойса біз қайда қаламыз. Біз не істейміз сонда!? Далада қаламыз ба!? Әуежайды Шұбарсуға салып жатыр деп еді ғой. Сол жаққа көшсін.

Мұндағы тұрғандардың базынасы ортақ. Өйткені Қызылжар мен Жиделі тұрғын алабында орналасқан 284 жер телімі мемлекет мұқтаждығына қайтарылады екен. Алайда оның басым бөлігіне баспана салынып қойған. Енді жергілікті халықтың қолында заңды құжаты болса да көңіл алаң.

Жүзімхан Оңалов, Қызылжар ықшам ауданының тұрғыны:

- Красный полоса дейді. Беріп-беріп алып енді келіп, сүреміз дейді. Сүреді ма онда бәріне ақшасын берсін. Ананың құжаты жоқ, ананың құжаты бар деген нәрсе болмасын. Уақытында бәрі осы жерді сатып алды. Тегін алған жоқ.

Салаға жауаптылардың айтуынша бұл учаскелер 2007 жылдан бастап үлестірілген. Себебі көбі баспанасын салып алып, жер телімін заңдастыруға өтініш берген. Қазір тиісті тексеру жүргізіліп жатыр. Қорытындысы шықса қаланың бас жоспарына қосымша түзетулер енгізіледі.  

Асқар Жұмышев, қалалық сәулет, құрылыс және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы: 

- Мұндағы жер телімдерінің бір бөлігі азаматтық авиацияның көрсеткен стандарттарына сәйкес келмей, заңсыз салынғаны белгілі болды. Яғни әуежайдың қауіпсіздік аумағы сақталмаған. Тиісті тексеру жүргізіп шамамен 284 жер телімін анықтадық. Оның басым бөлігінде тұрғын үйлер орналасқан. 28 учаскеде коммерциялық нысан салынған. Тағы 12 учаске ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылып келді.

Шаһардың бас жоспары жыл соңына дейін Үкіметтің қарауына ұсынылады. Егер бекітілсе арнайы комиссия құрылып, тұрғын үйлерге нарықтық бағалау жүргізіледі. Ал әкімдік өкілдері бұдан былай әуежай маңындағы үйлерге құжат рәсімдеуге тыйым салынғанын мәлімдеді. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов