Қостанайда 150 кәсіпкер қарызға батты

Қостанайда көлік-экспедиторлық қызмет түрін көрсететін 150 кәсіпкер кенеттен қарызға батты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы 3 жылдағы  олардың әрқайсысының салық бойынша берешегі орташа есеппен 20-30 млн теңгеге жетіпті. Кіріс департаменті барлығына осындай ескерту хабарлама жіберген. Құзырлы органның қояр кінәраты, бұл кәсіпкерлер салықты жеңілдетілген жүйемен емес, жалпы белгіленген режимде төлеуі тиіс екен. Ал бизнес өкілдері оны 3 жыл бойы білмей келдік деп шағымданып отыр.

Азамат Нысанбаев 15 жылдан бері көлік-экспедиторлық қызмет түрін көрсетумен айналысады. Жеке серіктестік ашқан. Бір ай бұрын Кіріс департаментінен 2020 жылдан бастап жалпы белгіленген режимде салық төлеуге міндеттісің деген хабарлама алған. Ол осы уақытқа дейін жеңілдетілген жүйемен төлеп келген еді. Енді сол 3 жыл ішіндегі айырмашылықты есептейтін болса, 36 млн теңге салық қарызы мойынына ілінгелі тұр.       

Азамат Нысанбаев, кәсіпкер:

- Бізде 1 теңге, 2 теңге деген қарыз болады кейбір кезде. Сол кезде Кіріс департаментінен бізге хабарласып айтады, төлеңдер, әйтпесе біз шоттарыңды бұғаттаймыз деп. Сол мына жерде сендер жалпы бекітілген режимге өтіңдер деген ешқандай хабарлама, ештеңе болған жоқ. Бұл заң 2013 жылы қабылданыпты. 2013-тен сонда бізді жеңілдетілген режиммен тіркеді ғой. Сонда кім кінәлі осыған?

Қостанай қаласы бойынша ғана 150 кәсіпкер осындай жағдайға тап болып отыр. Күтпеген жерден шаш етектен қарызға батқандардың арасында енді айыппұл арқалап, бар дүние-мүлкімізден айрыламыз ба деген үрей басым. Ал заңгер Ербол Құлмұхамбетов мұндай жағдайдың туындауына салық органдарының өздері кінәлі дейді.

Ербол Кұлмұхамбетов, адвокат:

- Салық кодексіне бұл өзгерістің енгізілгеніне 10 жылға жуықтады. Соған байланысты салық жүйесін заңдылыққа сай қалыпқа келтіруге болатын еді. Тоқсан сайын, жыл сайын камералдық бақылау, тексеру жүргізіп, кәсіпкерлерге жіберілген қателіктер бойынша ескерту жолданып жатады. Ал заң талабы бойынша басқа салық төлеу жүйесіне көшу керектігін осы уақытқа дейін айтпаған.

Мемлекеттік кіріс департаментіндегілердің айтар өз уәжі бар. Салық төлеушілердің өздері кодекске енгізілген өзгерістерді бақылап, біліп отыруға тиісті. Камералдық бақылау кесте бойынша белгіленген уақытында өткізіледі. Бұл кемшіліктер сондықтан кеш анықталып отыр, - дейді.   

Рүстем Құсалин, Мемлекеттік кіріс департаментінің бөлім басшысы:

- Камералдық бақылаудың өзіндік тәртібі, нақты кестесі бар. Мысалы, біз Салық кодексінің 48-бабына сәйкес салық төлеушінің 2020 жылдан бергі соңғы 3 жылдағы қызметін тексере аламыз. Сосын сол анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі ескерту жібереміз. Басқа ешқандай бақылау шарасы қолданылмайды.

Кәсіпкерлер бәлен миллион қарыз салығын төлемейміз деп отыр. Сондықтан сотқа жүгінбек ойлары бар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.