Шымкенттегі аттракционнан ақау шықты

Балаларды қорғау күні қарсаңында саябақтарда аттракциондар іске қосылады.

Маусым басталмай жатып Шымкентте ши шықты. Құрылғы әуеде кідіріп қалып жұрттың зәресін алған.

«Бәйтерек» деп аталатын аттракцион әуеге көтергенде білгісіз себептермен тоқтап, оншақты минут кідіріп қалған. Салдарынан демалушылар қорқынышқа бой алдырып, дүрбелеңге түскен. Бірі техникалардың тозығы жеткеніне шағымданса, енді бірі өмірі үшін алаңдапты. Абырой болғанда барлығы дін аман. Саябақ қызметкерлері ойын – сауық құрылғысындағы ақауды электр желісінің қуаты бірден артып кеткендігімен байланыстырады. Сондықтан «орталықты уақытша жауып, техникалық тексерістен өткізуге еш негіз жоқ»,- дейді.

Ерболат Төлеев, саябақ директорының орынбасары:

- Техникалық ақауларға байланысты редукторда сәл проблема болып, автомат тастап жіберген. Сол мамандар келіп, автоматты көтеремін дегенше жоғарыда 7 минут уақыт тұрып қалған. Автоматты көтеріп, қайта түсіріп алған. Сол күні жаптық. Ертесіне азаннан бастап іске қосылды. Бірінші мәрте тіркеліп отыр. Енді бұндай нәрселердің бәрін келешекте болдырмауға әрекет жасаймыз.

Бұл бірінші жағдай емес. Саябақтардағы аттракциондар қаншалықты дұрыс жұмыс істейді. Бұларды кім қадағалайды, қандай тексеруден өтеді деген ой демалуға барған көпшілікті алаңдатпайды. Алаңдатпауы да керек. Мамандар оларды тиісті тексеруден өткізіп тұратынын айтып ағынан жарылды. Төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті әкімдік те аттракционды орнатуға рұқсат бермейді екен. Екі арадағы делдал, яғни жеке компаниялар жауапты істі өз қолдарына алған.

Гайни Қасенов, қалалық орталық саябақ басқарушы компаниясының өкілі:

- Орталық саябақта қауіпсіздікті өзіміз бақылаймыз. Яғни, маусымның басында, біздің техникалық қызметіміз аттракциондарды толығымен тексереді. Жауапкершілік те соларлың мойнында. Ал олар лицензиясы бар жеке компания мамандары. Әрине демалушыларымыздың қауіпсіздігі бірінші орында.

Заңгер Серік Беркамалов түйткілді мәселенің көптен шешілмей отырғанын алға тартты. Жылда аттракционға қатысты апатты оқиға болады. Қадағалауды жергілікті атқарушы органдар қолға алу керек деген пікірде.

Серік Беркамалов, Қазақстан заңгерлер одағы Астана қалалық бөлімінің төрағасы:

- Бізде техникалық талаптардың сәйкестігін бақылау әкімдікке жүктелген. Яғни, жергілікті атқарушы орган аттракциондарды тексеріп және орнатуға рұқсат беруі керек. Апат болса жауаптылар жауапкершілікті бір-біріне сілтейтіні айдан анық. Себебі құрылғы коюға рұқсат беретін жеке компания техникалық талаптың сәйкестігін қадағаламайды. Әкімдік осы тұста да бақылауды күшейтуі тиіс.

Қалалық саябақтар жеке ұйымдарға тиесілі. Саябақтың немесе жеке аттракциондар кешенінің иесі халықтың қауіпсіздігіне тікелей жауапты. Пайдалану ережесі бойынша құрылғының техникалық жай-күйі ай сайын тексерілуі тиіс. Депутаттар бұл дабыл қағатын мәселе деп отыр. Заңнамалық тұрғыда реттеу қажет екенін айтады.

Нұрия Ниязова ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ең алдымен бұл балаларымыздың қауіпсіздігі. Арнайы заң қажет деп ойлаймын. Егер оқыс оқиға болса жергілікті атқарушы органдармен жауапты адамдардың барлығы бірігіп жұмыс істеуі тиіс. Бұл ортақ жауапкершілік.

Елордалық саябақта құрылғылар қауіпсіз дейді жауаптылар. Дегенмен 2000-шы жылдары орнатылған аттракциондар жұмыс істеп тұр. Жаңасын алуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Марат Диханбаев