Қарағанды облысында алақанымен шеге қағып, жүк көлік сүйрейтін жігіт тұрады

Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Жанбөбек ауылының тұрғыны Байбек Бауыржан аса күрделі трюктар жасап, елді таңқалдырып жүр.

Небәрі 23 жастағы жігіт ауыр жүк көлігін сүйреп, алақанымен шеге қағады. Оның барлығын өз бетінше үйренген.

Мына ауыр жүк көлігінің салмағы шамамен 20 тоннаға жуықтайды. Соған қарамастан Байбек Бауыржан оны бірнеше метрге дейін оп-оңай сүйрей алады. Бұл жетістікке жету үшін ол ұзақ жаттыққан. Кез-келген трюкта қара күштен гөрі ептілік керек, - дейді.

Байбек Бауыржан, Жанбөбек ауылының тұрғыны:

Жеңіл көліктен бастадым. Камазды тартуға дайындалдым. Залда штангамен отырып тұру, қандай әдіс керек, соған, байланысты ауыр салмақтармен әдіс жасадым. Одан кейін ауылға барып өзіміздің Камазды тартып көріп, қолымнан келді. Бірден тартып кеттім Камазды.

Байбек ұзындығы 200 миллиметр болатын темір шегені ағашқа алақанымен қағады. Ол аздай оны тісімен суыра салады. Тағы бір өнері қалың шегені санаулы секундта майыстырып, түрлі заттар жасайды.

Талғат Шолтаев, Нұра аудандық жастар ресурстық орталығының директоры

- Оңай нәрсе емес бұл. Сіздерге жаңа айтып жатыр ғой бұның бәрі әдіс деп. Мен оған келісемін, бірақ бұл күш. Екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан біз қазақтың осындай батыр жігіттері дәл өзіміздің Нұрамызда бар екеніне мен мақтанамын.

-  Бұл өте қауіпті жаттығу. Үй жағдайында әсіресе жас балалар қайталап жүрмеңіздер. Ескерту.

Байбек үшін әзірге трюктің ең күрделісі осы екен. Шегінің үстіне шеге қойып, денені көтеру керек. Мұнда тепе-теңдік сақтамаса жарақат алу әп-сәтте. Байбек адам санасына сыймайтын мұндай қауіпті трюктарды тек 35 жасқа дейін жасаймын деп отыр.  Мақсаты Гиннестің рекордтар кітабына ену.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар