Маңғыстау облысында 8 оқытушы жалған дипломмен жұмыс істеген

Маңғыстау облысында жалған дипломмен жұмыс істеген 8 оқытушы жұмыстан шығарылды.

Соның 5-уі Ақтаудағы гуманитарлық, сондай-ақ технологиялық қызмет көрсету колледжінде бірнеше жыл сабақ берген. Ал 3-уі Қарақия ауданында жұмыс істеген. Тергеу мәліметінше, заңбұзушылыққа барғандардың бірі Қарақия кәсіптік колледжінде «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша дәріс берген. Ол сот шешімімен 30 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Қалған тұлғаларға қатысты тексеру шаралары жүріп жатыр.

Айта кетсек, өңірде былтыр осыған ұқсас 14 қылмыстық іс тіркелді.   

Мерген Меңдіғалиев, облыстық прокуратура басқарма басшысы:

- Бүгінде анықталған фактілер, бұл «жалған дипломдарды пайдалану фактілері», осы бойынша қылмыстық Кодекстің 385-бабының, 3-бөлігімен дәрежеленеді. Ал жалған дипломдар қай жерде жасалды, ол бойынша осы қылмыстық істердің шеңберінде құжаттар бөлектенеді. Соған байланысты тергеу жұмыстары жүргізеледі. Оған баға беріледі.