Елордада халықаралық волонтерлер форумы басталды

Екі күн өтетін шараға отыздан астам мемлекеттің өкілі мен елдің әр өңірінен делегаттар келді.

Басты мақсат - халықаралық волонтерлықты дамытып, өзара тәжірибе алмасу, берік байланыс орнату. Сондай-ақ қазақстандық тәжірибені таныстыру болып табылады. Форум аясында бірқатар панельдік сессиялар жоспарланған. Ондай сарапшылар волонтерлік қызметті дамытудағы проблемалар мен шешу жолдарын талқылайтын болады.

Риат Шони, тілші:

- Ерікті болу еріккеннің ермегі емес. Қауырт жағдайда мұқтаж жанға қол ұшын соза білу аса маңызды. Сондықтан ойыңды жинақтап, есіңді жиып, көмек көрсете білу керек. Мәселен, жүрекке тікелей емес массаж жасай білу қажет.

Бұндай алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуді Абылайхан Әбдіраш басқаратын қоғамдық бірлестікте де үйренуге болады. Медицина жастары деп аталған ұйымда бүгінде 3 мыңнан астам волентер бар. Оның дені медициналық оқу орындарының студенттері екен. Бұл бірлестік елде 2019 жылы ғана құрылған.

Абылайхан Әбдіраш, «Қазақстанның медицина жастары» РҚБ Төрағасы:

- Сол сәтте бізде Арыс оқиғасы орын алып, сол жерде ең алғашқы біздің жұмысымыз басталып кеткен болатын. Ол кезде біздің медицина саласының волентерлары Арыс қаласында апат болған кезде, Шымкент қаласында адамдар көп шоғырланған орындарда өздерінің алғашқы көмектерін көрсетті.

Кез келген адам да медицина волонтері бола алады. Егер де өздерінің ішінде ықылас білдіретін болса, біз ол кісілерді оқудан өткізіп, инвозивті емес медициналық әдістерге үйрете аламыз.

Медицина бағытындағы волентерларға Телжан Жүнісбековтың айтар кеңесі көп. Ол қазақтан шыққан тұңғыш ерікті. Травматолог-ортопед дәрігер БҰҰ-ның халықаралық волонтері ретінде 20 жылдай Африка елдерінде мұқтаж жандарға көмектескен. Соғыс оты өршіп тұрған қауіпті аймақтарда 1 мыңнан астам адамның өмірін құтқарған адал жан.

Телжан Жүнісбеков, БҰҰ Халықаралық волонтеры:

- Әлі күш-қайратым бар. Осы елде өзімнің көмегім керек болып жатса, мен жүгіріп барам оған. Қазір Қазақстанда жақсы дамып жатыр. Особенно волонтерство. Мен қатты қуанып отырмын. Мына форумның өтіп жатқаны өзі елдің дамып келе жатқанын, волонтерствоның көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.

Шынымен қазір елдегі волонтерлер қызметі жақсы дамыған. Қазақстандықтар биыл Түркиядағы зілзала кезінде бауырлас елге қол ұшын созып, зардап шеккендерге көмектескен. Асар қылып, ақшаңқай киіз үйлер тігіп, түріктердің қайғысына ортақтасты. Бұл жөнінде бүгін волонтерлердің халықаралық форумына қатысқан Түркия елінің өкілдері де айтып, риясыз ризашылықтарын білдіріп отыр.

Тайлан Йылдырым, TRT редакторы, Түркия:

- Түркияда болған жойқын зілзала салдарын жоюға көптеген елдер көмектесті. Арнайы құтқарушы мамандардан бөлек, бізге волонтерлар да қол ұшын созды. Арасында әрине, ата-жұрттан, Қазақстаннан келгендер де көп болды. Баспанасыз қалған жандарға киіз үй тігіп, ыстық тамағын беріп жәрдемдесті. Енді алапат апат қашан және қайда болатынын болжай алмаймыз. Сондықтан осы волонтерлардың басын біріктіретін халықаралық орталық құру керек деп есептеймін. Бұл өз кезегінде тәжірибе алмасу үшін зор септігін тигізеді.

Қазіргі таңда Қазақстанды осы волонтерлік қызмет бағытында Орталық Азияда өңірлік көшбасшы қылу жоспары тұр. Бүгінде 5 мемлекеттің басын біріктірген арнайы хаб та құрылған. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәлімдеуінше, оған қосылам деген өзге мемлекеттерден де тиісті ұсыныстар түсіп жатыр.

Данияр Қадыров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

- Қазіргі таңда хабта мына Орталық Азия елдерінің волонтерлік ұйымдарымен бірге ақпарат алмасу, тәжірибе алмасу, енді қазақша айтқанда Асар дейміз ғой. Мысалы үшін басқа елдерде бір апаттар, зілзалалар болса сондай кезде осы халықаралық деңгейде біздің волонтерлерымыз бір-бірімен тығыз байланысқа барып, бір-біріне көмектесіп, қандай көмек керек, халыққа, елге асар жасау үшін осындай волонтерлық ұйымдардың бастамасымен жасалып жатыр.

Айта кету керек, бүгінде елде 200 мыңнан астам волонтер бар. Биыл оларға мемлекет тарапынан 250 млн теңге болатын гранттар бөлінген. Ал былтар волонтерлердің қызметін дамытуды жетілдіруге бағытталған заңға президент қол қойған болатын.

Риат Шони, Ақылбек Есімсейітов