Өскеменде коммуналдық қызметтің төрт түрі бойынша тариф өсті

Енді тұрғындар бұдан былай кәріз жүйесі, су, электр энергиясы және жылу ақысын бұрынғыға қарағанда анағұрлым артық төлейді.

Монополияға қарсы қызмет өкілдерінің айтуынша бұл өзгерістің өз себебі бар. Тариф қаншалықты қымбаттайды?

Өскемендегі коммуналдық саланың кетеуі кеткен. Қай кәсіпорынға барсаңыз да желінің ескіргені, жабдықтардың тозғаны, еңбекқаның төмендігі, жұмысшылардың тапшылығы бірден байқалады.Өткен жылдан бері коммуналдық шаруашылық мекемелерінен жалпы  2 мыңнан астам адам жұмыстан шығып кеткен. Мәселен Өскемен Водоканал мекемесінде қазір  250 маман жетіспейді. 

Әсел Оспанова, "Өскемен-Водоканал" МКК директорының орынбасары:

- Жұмысшылар тоқтамай жатыр. Бірі келсе, бірі кетеді. Өйткені жұмыс ауыр, жалақы аз. Сондықтан тарифті көтеру есебінее еңбекақыны 136 мың теңгеден 166 мың теңгеге көтеріп отырмыз. 

Тариф тек жұмысшылардың әлеуметтік жағдайынА ғана емес, кәсіпорынның қызмет көрсету сапасына да әсер етеді. Өскеменде кәріз желісінің 80 проценттен астамы тозған. Сондықтан тарифті көтеруден басқа амал да жоқ. Тұрғындарға 10, ал заңды тұлғалар үшін 20 процентке өсті. Энергетика саласында да осыған ұқсас жағдай. 

Тимур Оразов, электр энергиясымен жабдықтаушы мекеменің қаржы директоры:

- Электр қуатын өндіруші станцияларда тариф өсті.Біздің құрылым бойынша 25 процентті көрсетіп тұр. Сондықтан өз тарапымыздан жеке тұлғалар үшін қызмет ақысын 10 процентке көтердік. 

Судың ақысы бір адамға шаққанда 5 теңгеге, ал екі бөлмелі пәтердің жылу ақысы екі адамға есептегенде  300 теңгеге ғана өседі. Ғаламтор мен байланысқа қыруар төлем төлегенде ешкімге дес бермейміз. Ендеше өмір үшін аса маңызды коммуналдық саладағы осы тарифтік өзгеріске түсіністікпен қарасақ екен, дейді мамандар.

Арман Мәлік, ШҚО табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:

- Ұялы телефондарды қолданған кезде 3-4 мың орта есеппен төлеуге дайынбыз, біздің қазіргі өсіріп жатқан тарифтеріміз негізгі адамдарға өмір сүруіне қажетті қызметтер. Айына 500-600 теңгеден асып отырған жоқ, ал бұның артында жаңағы 3500 адамның жалақысы, олардың отбасы қамтамасыз ету және бүкіл қала бойынша, желілердің жаңартуы тұр, бұл шешімнің артында. 

Сөйтіп, жаңа тариф бірталай мәселенің түйінін шешкел тұр. Енді  саланы жаңғыртуға 2,5 миллиард теңге бөлінеді. Бұған қоса  7 миллиард теңгеге жуық инвеститцияға қол жеткізілді. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов