БҚО-дағы барлық ауылға интернет барады

Науқастың қай күні дәрігерге барғаны, медициналық талдау қорытындысы сол азаматтың электронды үкімет порталындағы жеке кабинетінде жазылып тұрмақ.

Ол үшін денсаулық сақтау саласында бірнеше жүйені біріктіру көзделген. Орал тұрғындарымен кездескен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру бойынша атқарылып жатқан ауқымды істі баяндады. «Жайық Хаб» коворкинг орталығының жұмысына оң баға берген министр өңірде IT мамандарын даярлау ісінің кенжелеп қалғанын атап өтті. Мысалы «Астана хаб» технопаркі арқылы жыл сайын 3 мың маманды оқытуға ваучер бөлінсе, соның 23-і ғана батысқазақстандықтарға бұйырған. Сонымен қатар кездесуде ауылдарды сапалы интернетпен қамту жайы да көтерілді. Облыста 413 елді мекен болса, соның 127-іне интернет әлі жетпеген.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Қолжетімді интернет деген ұлттық жобаның аясында 2027 жылға дейін сол ауылдар 100% интернетке қосылады деген жоспарымыз бар. Екінші – қаладағы интернет мәселесі. 9 локация бар Орал қаласында интернет сапасы өте төмен. Сол локацияларды бүгін әкімдікпен сөйлесіп, қай жерде ғимараттар бар, сол жерге базалық станса орнатуды операторлар алдына мақсат қойып қадағалаймыз.