Теміртау қаласында жылу желілері жаңғыртылып жатыр

Теміртау қаласындағы жылу желілері шамамен 70%-ке ескірген, деп хабарлайды «Хабар 24»

Салдарынан өткен жылыту маусымында жылу торабында 400-ге жуық ірілі-ұсақ ақау болған. Қала билігі биыл ескірген жылу құбырының 34 шақырымында толық жөндеу жүргізіп жатыр. Бірақ «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты екінші жылу энергия орталығында күрделі жөндеу мерзімінен кешігіп жатыр.

Бұл – Теміртау қаласындағы Республика даңғылы. Мұндағы магистралдың тозығы жетуі салдарынан тұтынушыға жететін жылу энергиясы 30%-ке дейін азайып кететін. Апат жиі болатын құбырдың бір бөлігі толығымен ауыстырылып жатыр.

Ержан Молдыбаев, мердігер компания өкілі:

- Бұрынығы құбырлар темір болған, олар 80%-ке ескірген. Барлығында коррозия. Қазір барлығы полиэтилен қаптамада болады, бұл жылу құбырының уақытын ұзартады. 30 жылға дейін.

Қалада жылу энергиясының жалпы тапшылығы 200 Г/каллорияға жетеді. Ескірген құбырдан бөлек, жылу тарататын мекеменің де жабдықтарын жаңғырту керек. Кәсіпорын басшыларына қазандықтарды модернизациялау бойынша ұсыныс берілді. Ал жылу жүйесін жаңалауға бюджеттен 5 млрд теңгесі қарастырылған. 

Ораз Тәуірбеков, Теміртау қаласының әкімі:

- Бүкіл 4 магистраль бойынша біз жөндеу жұмыстарымен қамтылғанбыз. Қазіргі таңда осы жұмыстар бойынша барлық ұымдастыру мәселесі шешілді. Ешқандай сұрақтарн жоқ. Тек мердігерден кестеге сай жұмыстың орындалуын күтеміз.

Теміртау қаласындағы жылу желілерінің ұзындығы – 425 шақырым. 70%-інің тозығы жеткен. Биыл 34 шақырым жөнделсе, келесі жылы тағы осындай көлемде жұмыс жүргізу жоспары бар, - дейді жауаптылар.