Елордадағы LRT құрылысы жанданды

Елордадағы ЛРТ құрылысы 2025 жылға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Жеңіл рельсті транспорт жүйесі іске қосылса, шаһардағы кептеліс мәселесі шешіледі», - дейді мамандар. Құрылысқа бюджеттен 52,4 миллиард теңге бөлінді.

ЛРТ құрылысы араға уақыт салып өткен жылы қайта жанданды. Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту жөніндегі кеңесте шаһар басшысына бірқатар тапсырма жүктеді. Олардың бірі әрі негізгісі – жыр болған жеңіл рельсті транспорт жобасын жүзеге асыру. Президент тұрғындарға берілген уәдені орындау керектігін айтты.

Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:

- Қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Құрылысты жандандыру мақсатында, өткен жылы Үкімет қаржының алғашқы бөлігін бөлді. Бүгінгі таңда бірінші кезеңді аяқтауға күш салынып отыр. Жобаны толыққанды бітіру үшін 2 жыл уақыт қажет.

Жобаға бюджеттен 52,4 миллиард теңге бөлінді. «Бірақ істі аяғына дейін жеткізу үшін, бұл сома аздық етеді», - дейді мамандар.

Бақыт Қарсақбаев – "City Transportation Systems" компаниясының басқарушы директоры:
-  Жұмысты қазіргі жоспарлағанымыз бойынша эстакадная часть дейді, соған біз жұмыс жүргіземіз. Фундаменттердің бәрін, бұрғылау жұмыстары бар, солардың бәрін бітіереміз. 80 пайыз опорный часть дейді, бағаналарды қоямыз. Енді өзінің планы межесі бар, бәрі келісілген. Бірақ оның бәрі қаржыға байланысты. Қаржы қалай бөлінеді, біз солай межені орындаймыз.

Құрылыс жұмыстары екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде 18 аялдаманың тек 8-і қолданысқа беріліп, 5 метрополитен пойызы сынақтан өтеді. Вагондарға жүк тиеліп, олардың жарамдылығы тексеріледі.

Альмира Оразбай, тілші:

- ЛРТ ұзындығы 22 шақырымды құрайды. Құрылыс жоспарына сәйкес 18 аялдама бекеті салынады деп жоспарланған. Жоба сәтті аяқталса, онда ол, бас шаһардағы әуежай мен «Нұрлыжол» вокзалын байланыстыратын болады.

Алдағы уақытта құрылыс жұмыстарына тағы 1000-нан астам адам тартылатын болады.

Авторлары: Альмира Оразбай, Диас Ковланбаев