Екібастұздағы энергия кешенінің кәсіпорындары жылу маусымына дайындалып жатыр

Екібастұз энергия кешенінің ірі кәсіпорындары алдағы жылу маусымына дайындық үстінде.

Мәселен, «Богатырь көмір» кеніші циклдік-ағындық технологиясын енгізуде. Бұл жылу өндіруші кәсіпорындарды шикізатпен қамтып, қуаттылықты арттыруға мүмкіндік береді. Ал екінші мемлекеттік аймақтық электр станциясы биыл алғаш рет сегіз энергоблокты қатар іске қоспақ. Дайындық барысы туралы келесі материалда. 

Энергия кешені құрамындағы кәсіпорындардың қысқа дайындық барысымен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов танысты. «Богатырь көмір» - ашық тәсілмен көмір өндіретін бірегей компания. Елімізде шығарылатын қатты отынның 40%-ы осы кеніштің үлесінде. Биыл  кеніш өндірісте циклдік-ағындық технологиясын енгізу жұмыстарын аяқтайды. Жоба құны150 млн АҚШ доллары. 

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық Қазына» АҚ-ның басқарма төрағасы:

- Бұл жылдық өндірістік қуаттылықты 42 млн тоннадан 52 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл отандық электр энергетикасының қуатын арттығу үшін қажет жоба. Сонымен қатар, кеніште аршылымды конвейерлік тасымалдау бойынша инвестициялық жобаны қолға алынады. 

Нұржан Жақыпов, сонымен қатар, Екібастұз бірінші және екінші мемлекеттік аймақтық электр станцияларында болды.  Бұл жерде жылына шамамен 6,0 млрд.кВтсағ электр энергиясы өндіріледі. Биыл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5%-ға артық энергия шығарған. 

Жандос Медеуов "Екібастұз ГРЭС-2 станциясы" АҚ-ның басқарма төрағасы:

- Көмір мәселесі аса маңызды. Өнімнің өзіндік құны қымбаттаса, даму жоспарларымызды қайта қараймыз. Техникалық және технологиялық жағынан Богатырь көмірін ғана тұтына аламыз. Кеніш – ірі серіктесіміз. Сондықтан, бірлесе жұмыс істейміз. 

Жоспар бойынша бұл энергия кешенінде үшінші блок салынады. Үшінші электр станциясының құрылысы да алдағы уақытқа межеленген жоба. 

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық Қазына» АҚ-ның басқарма төрағасы:

- Осы жылдың соңына дейін немесе келісі жылдың  басында жобаалды жұмыстар басталады. Бүгінде әлем жасыл энергетикаға бой түзегенде көмір өндірісіне қатысты жобаларға инвестиция тарту оңай емес. Біздің мақсат – қаражат табу. Себебі көмір ел экономикасының негізі. 

Жаңадан салынатын №3 энергоблоктың қуаты 636 МВт құрамақ. Ал жылына елге 4,8 млрд кВт/сағ деңгейінде болады деп жоспарланып отыр. Жаңа нысанды іске қосу елімізде электр энергия тапшылығын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік бермек

Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков