Қызылорда облысында аурухана құрылысы қайта жанданды

Қызылорда облысында құрылысы бес жылға созылған аурухана биыл пайдалануға беріледі.

Сексеуіл кентіндегі 40 орындық емдеу мекемесінің уақытылы тапсырылмауына мердігерлер кінәлі - дейді жергілікті билік. Қазір Сыр өңіріндегі 16 ауылда дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 6 миллиардтан астам теңге бөлінген.

12 мың тұрғыны бар Сексеуіл кентіндегі жаңа аурухананың іргетасы 2019 жылы қаланды. Құны 782 миллион теңге болған жоба екі жылдың ішінде салынып бітуі тиіс болған. Бірақ медициналық нысан әлі күнге дейін іске қосылмады.

Бақытжан Жолмырзаев, Сексеуіл кентінің тұрғыны:

- Сексеуілдегі аурухана өткен ғасырдың 1928 жылы салынған. Содан бері 100 жыл болып қалды десек болады. Соны көптен көтеріп, әне-міне деп қаржы бөлінбей жүрген. Осыдан 5-6 жыл бұрын сол проектісі жасалған. Содан кейін жұмысы басталды да, 2-3 жылдан кейін жүрмей қалды тоқтап.

Ал мамандар құрылыстың тоқтауына мердігердің жауапсыздығы себеп, - дейді. Қаржысы уақытылы бөлінгенімен, жұмысы өнбеген. Осылайша келісім шарт бір жақты бұзылған.

Қуаныш Өтегенов, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: 

- Сот шешіміне сәйкес тұрақсыздық айыппұлын өндіру және келісім шарт бір жақты бұзылды 2021 жылы. 2022 жылы жұмысын аяқтауға қалған қаржысына 2 мәрте мемлекеттік жарияланған конкурсқа әлеуетті өнім берушілер қатыспауына байланысты, өтпеді деп танылып, үшінші жарияланғаннан кейін келісім шарт жасалды, 2023 жылы.   

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Нысан құрылысы сәуір айында қайта жанданған. Аумағы 5 мың шаршы метрді құрайтын ғимараттың қазір ішкі қабырғалары өрілуде. Бұл жұмыстарға 40-тан астам құрылысшы жұмылдырылыпты. 

Серік Сұлтанов, құрылыс алаңының басшысы:

- Бәрін зерттеп көріп, экспертиза өзінің оңтайлы шешімін берген. Әрі қарай құрылысты жалғастыруға болады деген. Ғимараттың қазір өздеріңіз көріп тұрғандай бір қабырғасының толық терезесіне дейін салып, сыртының сылағына кіріссек пе деп жатырмыз алдағы аптада. Ноябрь айына дейін бітіреміз деген ойдамыз.

«Арал ауданының Қызылжар және Бөген ауылдарында да медициналық нысандар әбден тозған. Іргетасы 30-40 жыл бұрын қаланған ғимарат бірнеше ошақ пешпен жылытылады. Санитарлық талаптарға сай емес», - дейді тұрғындар. Мәселені шешу үшін биыл бұл елді мекендерде жаңа дәрігерлік амбулатория салынып жатыр 

Шарапхан Бейімбетов, мердігер мекеменің өкілі:

- Емхананың ұзындығы 46-14. Оның ішінде аптекасы бар, оқшаулау бөлмесі, физика-терапия бөлмелері бар. Осы қараша айында аяқтаймыз деп міндетке алып отырмыз.

Қызылорда облысында биыл дәл осындай 16 медициналық нысан салынып жатыр. Бұл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асып келеді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев