Павлодарда Аңсаған Мұстафаның жеке көрмесі ашылды

Сөйле, сурет! Павлодарда танымал суретші Аңсаған Мұстафаның жеке көрмесі ашылды.

Қылқалам шебері өнерсүйер қауымға әлеуметтік тақырыптағы туындыларын ұсынды.

Аңсаған Мұстафа – сурет тілінде сөйлейтін өнер иесі. Павлодарлықтар назарына 56 экспозиция ұсынылды. Барлығы әлеуметтік тақырыптарды қаузайды. Жастардың зиянды әдеттерге әуестігі, балалардың тәрбиесіздігі, жалғызбасты кәрілік, ересектердің жауапсыздығы. Суретшінің мақсаты -  қоғам назарын осы мәселелерге аудару.

Аңсаған Мұстафа, суретші:

- Әлеуметтік желіге салам ғой. Көрме жасаймын деп ойлаған жоқпын. Ең басты мақсат – сол әлеуметтік желі отырған адамдар уақыттары босқа кетпесін деп, бір ойлансын, ой түйсін деп салынған суреттер.

Өнер иесі әлеуметтік тақырыптағы суретін алғаш рет 15 жасында салған. Қазір ақ-қара түстегі туындыларының саны 200-ден асады.

Аңсаған Мұстафа, суретші:

- Адамдарға көмектескім келеді. Осындай проблема болмасыншы деп ойлаймын. Осы суреттегі барлық проблемалар осы суреттердің ішінде қалса екен деп ойлаймын. Сол үшін салынған суреттер.

Аңсаған Мұстафаның еңбегі әлемнің түкпір-түкпіріне танымал. Қылқалам шеберінің шығармалары 50-ден астам мемлекетте ұсынылды.

Ольга Пашко, өнертанушы:

- Плакаттарды түсіну оңай. Суреттердің тақырыптары таңқалдырады. Себебі, әлеуметтік мәселелер баршамызға таныс. Ал суретші, дизайнер дәл осы проблемаларды қағаз бетіне асқан шеберлікпен түсірді. Көркемсурет музейіне әдетте кескіндеме жанрында орындалған суреттер қойылады. Ал бұл көрме басқалардан өзгеше. 

Суретші-дизайнердің жоспары көп. Болашақта экологиялық мәселелерге қатысты туындыларын ұсынбақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат