Маңғыстау облысындағы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы басты назарда

Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы кезекті апат бірқатар өндіріс орнының жұмысына кері әсерін тигізді.

Электр энергиясы тапшылығының мұнай өндіру саласына қиындық туғызып отырғаны белгілі. Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған «Қазмұнайгаз» басшысы өндіріс орындарындағы ахуалды біліп, «Өзенмұнайгаз» компаниясы және мердігер ұйымдардың өкілдерімен жиын өткізді. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі сөз болды.

Мағзұм Мырзағалиев «Өзенмұнайгаз» компаниясының жерасты жабдықтарын жөндеу және диагностикалау цехына барды. Мұнда жылына 400 мың құбыр, 300 мың сорғы штанга мен 10 мың терең сорғы жөнделеді. Цех алғаш пайдалануға берілген кезде ТМД бойынша баламасы болмаған. Уақыт өте келе жұмыс тиімділігі төмендеді. Бұған құрал-жабдығының тозуы әрі жетіспеушілігі себеп.

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Арнайы жоба дайындап, цехты жаңғырту жұмысын жасаймыз. Оның құны 3,5 млрд теңгені құрайтын болады. 3 млн 127 мың тонна мұнай өндіру керек болатын болса, 7 айдың нәтижесінде сол жоспарымыз 300 мың тоннаға орындалмай келе жатыр. Оның басты себебі - электр энергиясының тапшылығы. Жылдың аяғына дейін қалпына келтіру керек. Бұл, өте маңызды мәселе.

«Өзенмұнайгазда» 21 мыңға жуық адам еңбек етеді.  Көпшілігі мердігер мекеме қызметкері. «Қазмұнайгаз» басшысы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайының басты назарда екенін айтты. Ұлттық компанияның әлеуметтік жобаларының бірі – салауатты өмір салтын ұстанған ерекше жандарды қоғамға бейімдеп, кедергісіз орта идеясын жүзеге асырумен байланысты. «Алға» параспортшылар клубымен кездескен «Қазмұнайгаз» басшысы волейболшылардың Еуропа төрінде келесі жылы өтетін ірі додаға әзірлігін білді.

Құралбек Сейітов, клуб төрағасы:

- «Қазмұнайгаз»-дағы демеушілік көрсетіп жатқан ағаларымызға алла разылығын айтамыз. Қолдай берсе, біз әрине Қазақстанның өр намысын көтереміз.

Параспортшылар былтыр ұлттық құрама сапында Малайзиядағы жарыста 3 қола медаль жеңіп алды. Биыл Азия чемпионатында 2024 жылы Парижде өтетін XVII жазғы паралимпиада ойындарына жолдама ұтты. Мағзұм Мырзағалиев клуб мүшелерінің толағай табысына алғыс айтып, алдағы сайыста жеңіс тіледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалев