Балалардың көмейіне сүйел шығу дерті көбейген

Дәрігерлер балалар арасында көмей ауруларының кең таралуына алаңдап отыр.

Бүгінде көмейге сүйел шығуы жиі кездеседі. Ол баланың тыныс алуы мен дауысының бұзылуына әкеп соғатынымен қауіпті. Аталған дертті емдеуде әлемдегі ең озық әдісті ойлап тапқан Оңтүстік Корея дәрігерлері Астанаға келді. Микрохирургтер «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында 8 операция жасайды. Отандық дәрігерлер шетелдік әріптестерінің тың тәжірибесін игеруге мүмкіндік алды. Жасалған бірегей операцияның бірін біздің тілшілеріміз бақылап қайтты.

Алты жасар Егор тыныс алу жолының ауруына шалдыққан. Медицина тілімен айтқанда папилломатоздың, яғни көмейін сүйел басудың салдарынан дауысы қарлығып шығады. 

Жылына бірнеше операция жасамаса, тамағында ісік пайда болуы мүмкін. Бүгінге дейін ойын баласы анасымен бірге Оңтүстік Кореядан да ем іздеген.

Елена Иванова, Егордың анасы

- Операция жасау үшін елордаға келдік. Сүйелдерді кетіріп, бәрі жақсы өтеді деген үміттемін. Тез айығу мүмкін емес екенін түсінемін, әр 3 ай сайын дерті қайталанып отырады. Тамағына суық тиген бала секілді, үнемі қарлығып сөйлейді. Уақыт өте тыныс алуы қиындай бастады. Көмейін тексергенде папиллома бары анықталды.

Дәрігерлер сүйел қатерлі болмағанымен, балалардың кішкентай көмейінде тез көбейетінін айтады. Аталған дертке 5 жасқа дейінгі балалардың шалдығу қаупі басым. Кей жағдайда жылына 6 операция жасауға тура келеді. 

Алмат Бекпан, балалар отоларингологы 

- Бұл өте қауіпті патология. Неге? Себебі тыныс алу бұзылады. Ал дем біздің өміріміз. Бұл проблема әлеуметтік жағынан да өзекті. Жүз пайыз емдеу мүмкін емес. Дегенмен, біз қазіргі уақытта ларингология саласында әлемде қолданылып жатқан барлық жаңа әдістерді енгізіп жатырмыз.

Елордалық дәрігерлер шетелдік әріптестерімен бірлесе Егорға операция жасауға кірісті. Оңтүстіккореялық хирург Хён Те Ким көмейдегі папилломаны алудың бірегей әдісін қолданады. Айта кетерлігі, оның командасы бүгінге дейін осындай 5 мыңнан аса операция жасаған. Енді, «Ана мен бала орталығындағы» әріптестерімен тәжірибе бөлісуде.

Хён Те Ким, отоларинголог /Оңтүстік Корея/: 

- Бүгін біз сүйелдерді кешенді әдіспен алып тастадық. Операция екі сағаттан артық уақытқа созылып, айтарлықтай ұзақ өтті. Бұл аурудың қайталану қаупі жоғары болғандықтан, науқастардың 70%-ы кезекті мәрте операцияға жүгінуіне тура келеді.

Ата-аналар дертке душар болған балаларын шетел асырмай, ел ішінде емдеуге мүмкіндік туғанына қуанады. Отандық дәрігерлер болса, микрохирургия саласындағы озық әдістерді игерудің игілігін көруде. Жыл басынан бері ұлттық ғылыми орталықта көмейге 75 операция жасалды. Әрі бұнда 40 бала тұрақты түрде ем қабылдайды.