Алматыда донорлық жүрек трансплантациясы сәтті өтті

Осыдан 1,5 ай бұрын донорлық жүрек салдырған Алматы тұрғыны журналистермен кездесті.

Реципиент өзінің жағдайы туралы айтып берді. Алматылық дәрігерлер донорлық жүрек операциясын Ұлттық ғылыми кардио-хирургия орталығымен бірлесіп жасаған. Науқасқа ишемиялық инсультқа шалдығып, миы семіп қалған 53 жастағы әйелдің сау жүрегі салынды. Оның ағзасын алуға туыстары келісім берген. Трансплантация Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында жасалды. Қазір 23 жастағы жігіттің жағдайы жақсы. Үйге шыққан. Тұрақты түрде дәрігерлерге келіп, қаралып отырады. Еліміз бойынша 150-ге жуық науқас жүрек трансплантациясын жасауды қажет етеді. Соның 20-ға жуығы Алматыдан.  

Данияр Байдулаев, қала тұрғыны:

- Күн өткен сайын жағдайым жақсарып келеді. Донор жүрегімен өзімді әдеттегідей сезінем. Ешқандай өзгешелік жоқ. Операцияға дейін тез шаршап қалатынмын. Қазір бәрі ойдағыдай. Енді оңалтудан өтіп, қалпыма келгім келеді. Содан кейін дене шынықтырумен айналыссам деймін. Операция 7 сағатқа жуық жасалыпты. Донор мен дәрігерлер маған жаңа өмір сыйлады. Алғысым шексіз.  

Рүстем Төлеутаев, кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Қазіргі таңда Даниярдың жағдайы жақсы. Біздің ауруханадан жақсы хәлде выпискаға барды. Қазіргі кезде бізбен сөйлесіп арасында келіп, ЭКГ жасап, эхокардиография жасап, жағдайын қарап отырмыз. Дәрілерінің дозасын реттеп отырмыз. Өмір бойы бақылауда болады.