4 ауыл сапалы ауызсумен қамтылады

Түркістан облысы Төлеби ауданында төрт ауылдың ауызсу жүйесі қайта жаңғыртылып жатыр.

Керегетас, Алшалы, Диханкөл және Ұзынарық ауылдарында таза су кеңес заманында тартылған. Алайда соңғы 20 жылдың көлемінде тұрғындар тіршілік нәрінен тарыға бастапты. Су жүйелері ескірген. Ал жаңа жоба кемшілікті жоя ма? Тұрғындар ауызсумен қашан толық қамтылады?

Ұзынарық ауылында 250-ден аса түтін, мыңға жуық тұрғын бар. Мұнда өткен ғасырдың соңында ауыл халқын сапалы ауызсумен қамту мақсатында екі су жинайтын резервуар салынған. Алайда ауыл таулы жерде орналасқандықтан, жер асты суының тартылуына және құбырлар мен қондырғылардың тозуына байланысты тұрғындарға тіршілік нәрі тәулігіне бір-ақ рет беріліп келген.

Ұлықбек Жұмаділов, Ұзынарық ауылының тұрғыны:
- «Осы су келетін болса, тәулік бойы су болады», - дейді. Судың құрамы өте таза. Елді мекеніміз күні-түні су ішіп, халық таза ауызсуды пайдаланса, біздің тілегіміз сол.

Ұзынарық ауылын сапалы ауызсумен қамту үшін елді мекеннің жоғары жағынан жаңа су жинайтын резервуардың құрылысы жүріп жатыр. Оған таудан келетін бұлақ суы пайдаланылады. Жоба құны - 361 млн теңге. «Нысан келесі жылы тапсырылады», - дейді жауаптылар.

Бақытжан Бекназаров, Мердігер мекеме басшысы:
- Тәулігіне 157 текше метр су пайдаланылады. Бұл жерде 300 текше метр су жиналады. Мысалы күндіз су алады, түнде алмайды ғой. Ол кезде бұлақтың суын арыққа жібереміз. 160-тық құбыр, 110 және 63, ал 20-лық құбырмен абонентке барады. Ауылды түгел қамтамасыз етеді.

Төлеби ауданында 55 елді мекен бар. Соның 54-і орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған. Алайда құбырлары тозғандықтан кейбір ауылдарға тіршілік нәрі сағатпен беріледі. Қазір Ұзынарықтан бөлек тағы үш елді мекенде су құбырлары ауыстырылып жатыр.

Жақсылық Қанатбаев, аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Осы төрт елді мекенге 24 сағат беріледі деп жоспарлап отырмыз. Енді бір елді мекен қалып тұр. Жаңакүш елді мекені. Оның жобалық сметалық құжаттары дайындалған. Облыс тарапынан мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілуде.

Мамандар биыл су құбырлары тозған тағы 6 елді-мекенде құрылыс жұмыстары басталатынын айтады. Осылайша 2025 жылы аудандағы елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауызсумен қамту көзделіп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш