Диқандар діңкелеп жүр, министрлік «мыңқ» етпейді

Батыс Қазақстан облысында биыл майлы дақылдар алқабының аумағы 40% кеміп, 180 мыңнан 110 мың гектарға азайды.

Оған басты себеп – бағаның құлдырап, өнімге сұраныстың болмауы.

Жергілікті жалғыз май зауытының қуаты төмен, ал күнбағысты шетелге шығаруға қаңтардан бастап енгізілген экспорттық баж алымы кедергі. Бүгін амалы құрыған шаруалар ауылшаруашылық басқармасына келіп өз жағдайларын жоғарыға жеткізуін сұрады.

Бекболат Мұқашев – Бәйтерек ауданындағы байырғы диқанның бірі. Биыл 1800 гектарға дәнді, осынша жерге майлы дақыл сеуіпті. Алайда алдағы уақытта күнбағыс алқаптарының аумағын кемітпек. Өйткені өнімі өтпей жатыр. Қаңтардан бастап экспорттық баж енгізілуі, яғни шекара асқан әр тоннадан 100 еуро көлемінде алым алынуы себепті қазақстандық күнбағысқа қызығушылық азайған. Күнбағыстың тоннасы 2021 жылы 260 мың теңге болса, былтыр 180 мыңға түскен, қазір тіпті төмен.

Бекболат Мұқашев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Баға деген 120 мың теңгеге түсіп кетті енді. Өзі бір тонна өсіру құны 130 мың теңге. Бізде орташа облыста шығаратын өнім 7 центнер, сонда бізде сатқан кезде минусқа кетеді. Трейдерлер жоқ, оларға қызықты болмай тұр. Өйткені сататын болса баж салығын төлейді, сондықтан оларға қызық емес. Қазіргі біздің ұсынысымыз екі жылға болса да, бір жылға болса да баж салығын тоқтатусын иә болмаса, керекті мөлшерде квота берсін.

Өнім өткізудегі қиындық – тек Бекболаттың емес, жалпының басындағы жағдай. Көрші елден арзан өнім ағылып жатқаны аздай, оған экспорттық баж қосылуы – жығылғанға жұдырық іспетті. Бүгін жиналып, ауылшаруашылық басқармасына келген шаруалар осыны айтады. 

Александр Лихачев, қожалық жетекшісі:

- Экспорттық баж – май зауыттарына ғана жақсы. Олар қабылдау бағасын төмендетіп жіберді. Ал бір литр өсімдік майын 750 теңгеден сатады. Оған күнжараның құнын қоссаңыз бір тонна майдан 510 теңге табыс көреді. Әдетте кез келген өнімнің құнында шикізат бағасы 70% болады. Бұл жерде сөзсіз шаруалар ұтылып отыр. Мына бағамен біз несиелерімізді, лизингке алған техниканың құнын қайтара алмаймыз. Облыста былтырдан 15 мың тонна күнбағыс жатыр. Оған биылғы түсетін өнімді қосыңыз.

Бұл проблемамен жергілікті билік жақсы таныс. Көктемнен бері Оралда, Астанада осындай бірнеше жиын өткен. Бірақ мәселенің түйіні тарқатылмапты. Ауылшаруашылық министрлігі қаржы министрлігінің жанындағы ведомствоаралық комиссияға сілтейді, олар кейінге ысырады.

Денис Омашев, БҚО ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

-Соңғы жиналыста осы министрлік нақтылап 100 мың тоннаға квота бөлу жөнінде ұсыныс берген. Бүгінгі таңда комиссия қарауына ұсынылды. Әлі толыққанды шешім жоқ. Бұл мәселе үкімет деңгейінде жоғары жақтан қабылданатын мәселе. Енді бұл мәселе жөнінде біздің деңгейімізде осы жиналыстарда көтеріліп жүргендіктен ауылшаруашылық басқармасы мен әкімдік тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне екі-үш мәрте хат жолданды.

Биылдың өзінде өңірде майлы дақылдар алқабы 40% қысқарған. Күнбағыс көлемі былтырғы  63 мыңнан 46 мың гектарға, мақсары 116 мың гектардан 64 мың гектарға түскен. Диқандардың көбісі машақаты көп майлы дақылдан гөрі жазғы бидайды қолай көрген.