Студенттер Конституцияны жатқа айтып жарысты

Конституцияны жатқа білетін студент білім грантын жеңіп алды.

Атырауда 30-шы тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай өткен студенттер арасындағы «Мен Конституцияны жатқа білемін!» атты дәстүрлі байқауда 250 студент бақ сынаған. Жүзден жүйрік шыққан 3 студенттің оқу ақысына 30, 50 және 100 процент жеңілдік берілді.

Ата заңды ұлықтап, жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған байқаудың жеңімпазы Жәңгір Темірханов қазір азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасының студенті. Ақтық сынға жолдама алған 22 қатысушының арасынан оза шығып, білім грантын жеңіп алды.

Жәңгір Темірханов, 3 курс студенті:
- Маған осындай қолдау көрсетіп, көңіл бөлгеніне қуаныштымын. Халел Досмұхамедовтің жастары білім-ғылымға ден қойып, әлі биік белесті бағындыратынына сенімдімін. Осындай байқаулар әлі де жалғасын тапса дейміз.

Байқаудың алғашқы кезеңінде студенттер Ата заңға қатысты 25 сұрақтан тұратын сауалға жазбаша жауап берген. Екінші бөлімге сүрінбей өткендер Конституция баптарын жатқа айтып жарысты. Байқауға судья, прокурор және жеке сот орындаушы мен университеттің азаматтық құқықтық пәндер кафедрасының оқытушылары қазылық еткен.

Ләйлә Қойшығұлова, университет проректоры:
- Негізгі осы конкурсымыз біздің дәстүрлі түрде өтеді. Бірақ биылғы жылдың ерекшелігі, жылда бізде тек қана жеңімпазға 100 пайыз жеңілдік беретін болсақ, биыл басқарма шешімімен 3 жеңімпазға үш орын тағайындап отырмыз. Оларға да оқу ақысына жеңілдік беріп отырмыз. Конкурсқа 2-4 курс студенттері қатысып отыр. Біз өтінішті 10 тамыздан бастап қабылдадық. 10 тамыздан бастап қабылдағаннан кейін 1 курстардың приказы тек 25 тамызда шығатын болғаннан кейін, 2-4 курстардың студенттерін қатыстырып отырмыз.

Жыл сайын өтетін байқауға биыл өзгеріс енгізілген. 3 орын иегері оқу ақысының 70 процентін, 2 орын алған қатысушы жартысын төлейді. Ал үздік студент жыл бойы тегін оқуға мүмкіндік алады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Жандос Рахметуллин