Оралдық сантехник өз саласында 17 жыл еңбек етіп жүр

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында сантехник мамандардың орны ерекше.

Әсіресе жылыту маусымы кезінде оларға жүктелетін жауапкершілік арта түседі. Оралда Бейбіт Мұханбетов 17 жылдан бері осы салада еңбек етіп жүр. Небір техникалық апатты ауыздықтап, мол тәжірибе жинады. «Бастысы адал еңбек, маңдай термен отбасымды асырап отырмын», - дейді ол. Еңбекқор жан коммуналдық қызмет тұтынушыларының алғысына бөленген.

Бейбіт Мұханбетов жеке кәсіпорында жұмыс істейді. Таңмен таласа кілт-құралын алып, өзі жауапты тұрғын үйлердің жертөлесін тексеріп шығады. Қазір жылыту маусымына дайындық пысықталып жатыр. Айтуынша, жауын-шашын күндері біраз қиындық туындайды екен. Әсіресе инженерлік желілері ескірген баспаналарда апат жиі болады. «Сондай кезде түнімен жұмыс істеуге де тура келеді», - дейді ол.

Бейбіт Мұханбетов, сантехник:

- Осы – соңғы үйіміз. Қазір осы үйді әзірлеп жатырмыз. Басқа үйлердің бәрін өткіздік жылыту маусымына. Қабылдап алды. Енді бұрынғы жүйеге қарағанда қазіргісі кішкене қиындау. Жылу жүйесі болсын, қай-қай жағынан да. Бұрынғы үлкен кісілер біле бермейді мынаны. Адалынан істеуге тырысамыз барған жерде, дұрысын айтып. Қазіргі жағдайда материалдар да түрлі-түрлі болады. Соның жақсысын алыңыздар деп, жақсысын көрсетіп.

Жанекешов көшесінің бойында орналасқан бұл тұрғын үйде 60 пәтер бар. Отбасылар техникалық апат бола қалған жағдайда Бейбіттің көмегіне жүгінеді. Білікті сантехник мұндағы инженерлік желілердің жай-күйін жақсы біледі. Өз кезегінде коммуналдық қызметті лезде қалпына келтіреді.

Базаргүл Хамитова, қала тұрғыны:

- Тұрғын үй болғасын бітеліп қалатын жерлер, жарылып кететін жерлер болады. Бірақ сол уақытта біздерге қандай көмек керек, соның бәрін жүргізіп отырады. Сол үшін алғысымыз шексіз.

Бейбіттің жұбайы – мұғалім. Олар 2 бала тәрбиелеп отыр. Сантехник айына 200 мың теңгеден астам жалақы алады. Ал жұмыстан тыс уақытта өзге де шақыртуларға барып, қосымша табыс табады екен. Өйткені сантехник мамандарға сұраныс жоғары. Кейіпкеріміз ұжымға келген жастарға әрдайым қамқор болып, білген-түйгенін үйретуден жалықпайды.

Бейбіт Мұханбетов, сантехник:

- Заманның ағымына қарай жеңіл ақшаға, жеңіл жұмыс жағына қарай ұмтылады ғой балалар. Көріп жатамыз оны да. Келгісі келмейді. Табысты азсынады. Бірақ барға қанағат дейді ғой қазағым. Алысқа бар, жақынға бар, соның бәрін үйрену керек қой жастар. Бұл жұмысты да істейтін адам керек. Халыққа қызмет қой, бір жағынан. Бір уақытта алғысын алып жатасың, бір уақытта ренжіп жатады енді. Ондай болады жұмыс болғасын.

Білікті маманның еңбегі елеусіз қалмады. Қала күні қарсаңында ол «Шаһардың үздік сантехнигі» атанып, марапатқа ие болды. Қоғамда техник мамандарға қай кезде де қажеттілік бар. «Ерінбей еңбек етсе, осы салада-ақ мол табысқа кенелуге болады», - дейді кейіпкеріміз.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.