Алматыда Cover Show жобасының есептік концерті өтті

Бүгін Алматыдағы Астана алаңында «Хабар» телеарнасының басты жобаларының бірі Cover Show жобасының үлкен сахнадағы есептік концерті өтті.

Қала күніне орайластырылған гала-концертте жобаның бірінші және екінші маусымына қатысқан әншілер мен танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Алматыда қала күнін атап өту бір апта бұрын басталған. Мегаполисте күн сайын түрлі мәдени шаралар өтіп жатыр. Бүгін қала тұрғындары мен қонақтары ерекше концерттің куәсі болды. Көрерменнің көңілінен шыққан, жас дарынды әншілердің танылуына мүмкіндік берген Cover Show телевизиялық жобасының қатысушылары үлкен сахнада концерт берді.

Әзиз Балтабекұлы, әнші, екінші маусымның қатысушысы:

- Cover Show сыйлаған мүмкіндігі, әсіресе біз сияқты жас орындаушыларға берген плюсі өте көп болды. Сахнаға шығуға, жалпы осы Cover Show арқылы танылып кеткен қанша жас әріптестерім бар, достарым бар. Жалпы өте керемет жоба.  

Гүлмира Ізбасқанова, әнші, бірінші маусымның қатысушысы:

- Осындай жобалар көбейе берсін, басымды иемін, халқымыз аман болсын, мереке құтты болсын.

Cover Show – халықтың сүйікті әндеріне екінші дем беретін жарқын жоба. Үшінші маусымы эфирге шыққан музыкалық шоу қазақ музыкасының алтын қорына 400-ге жуық кавер сыйлады.

Әсел Тоянова, Cover Show жобасының продюсері:

- Алматылықтарға Алматы күнін тойлау қарсаңында әкімдікпен бірлесіп жасаған үлкен жоба. Бүгін үлкен жұлдыздар, үлкен әншілер сахнада. Мұзарт,  Сәкен Майғазиевтер, Айқын және Қаракесек, жас әншілер, орта буын әншілері – барлығы бірігіп өнер көрсетеді.

Мерекелік концертте жобаның екі маусымында өнер көрсеткен үздік орындаушылар Cover Show премиясымен марапатталды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев.