Еңсесі биік еңбек адамы

Еңбек адамы бүгінгінің ері.

Мәселен қалалардың қауіпсіздігіне, жылуы мен жарығына қарапайым жұмысшылар жауап береді. Ақтөбе жылу-электр орталығында жұмыс істейтін Нұртас Әбуов мекеменің қыс мезгілінде үздіксіз қызмет етуіне, жауапты маманның бірі.

Нұртас Әбуов Ақтөбе жылу-электр орталығында 30 жылға жуық еңбек етеді. Отқа төтеп беруші маман жоғары қысымды қазандықтар мен турбиналарды жөндейді. Кез келген адамды кіргізе бермейтін стратегиялық маңызы бар нысанның тәулік бойы мүлтіксіз қызмет көрсетуіне жауапты жандардың бірі.

Нұртас Әбуов, жылу-электр орталығының жұмысшысы:

- Біздің жұмысымыздың маңыздылығы - дер кезінде күрделі жөндеу жұмысын жүргізу. Уақытында, сапасына сай. Қалаға жылу беру, жарық беру. Маған өзімнің жұмысым өте ұнайды.

Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде салынған мекемеде қазір 600-ден астам жұмысшы бар. Көбісінің еңбек өтілі он жылдан асып жығылады. Ұрпақ сабақтастығы да бұл жерде қалыпты жағдай. Себебі аға буын өкілдерінің жас мамандарға тәлімгер-ұстаз болу үрдісі бұлжымас ереже боп қалыптасқан.

Талғат Назаров, жылу-электр орталығының цех басшысы:

- Нұртас Қойшыбайұлының жауапкершілігі жоғары. Сондықтан бірнеше шәкірт тәрбиелеп өсірді. Жастарға ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісе жүреді.

Бос уақытын Нұртас Әбуов бау-бақшада өткізгенді ұнатады. Отбасымен бірге ағаштың онға жуық түрін отырғызған.

Нұртас Әбуов, жылу-электр орталығының жұмысшысы:

- Міне алдыңызда тұрғандар жаңғақ ағашы. Екі жыл болды алғаныма. Отырғыздым, екі жылдың ішінде бір жарым метрдей биіктікте қазір. Бес жылдан кейін үлкен болып, биік болып жаңғақ береді деп үміттенемін.

Нұртас Қойшыбайұлы мамандығым тұрақты табыспен қатар көңіліме рухани азық та береді дейді. Себебі жарты млн-ға жуық халқы бар Ақтөбе шаһарын жылу әрі жарықпен қамтамассыз ете отыра, әрбір тұрғынның алғысын сезеді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков