Маңғыстау облысында ревматолог дәрігер жетіспейді

Маңғыстау облысында ревматолог-дәрігер тапшы.

Аймақта буын ауруларына шалдыққан 3 мыңға жуық адам есепте тұр. Ал оларды небәрі 7 ревматолог қарайды. Өзекті мәселені шешу үшін Ақтауда ревматологиялық орталық құру жөнінде шешім қабылданды. Медициналық нысан облыстық көпбейінді аурухана базасында келер жылы ашылуға тиіс.

Айкүміс Нұртілеуова ревматикалық дертке 2018 жылы шалдыққан. Алғашқы кезде қол-аяғына шыққан бөртпелерге қарап аллергия деп қабылдаған. Көп ұзамай Алматыда қаралғанда ақтаулық дәрігер қойған геморрагиялық васкулит диагнозы нақтыланды. Содан бері жергілікті ауруханада үзбей ем қабылдап жүр. 

Айкүміс Нұртілеуова, қала тұрғыны:

- Ревматолог қала бойынша біреу. Сондықтан біз осы жерде қараламыз. Үнемі таблетка дәрімен емдейді. Сосын жылына екі рет стационарлық емдеу. Мұнда капельница. Біз кейде өзімізге салып, жатқымыз келмей жатады. Бірақ жату керек деп ақылын айтып жатады.   

Өңірдің штаттан тыс ревматолог-дәрігері Асылхан Нұрғожаева Ақтаудағы №2 емханада жұмыс істейді. Күніне орта есеппен 25-30 науқас қабылдайды. Шаһарда ревматологиялық орталық ашылса, саладағы маман тапшылығы жойылатыны сөзсіз. Бұған министрлік қолдау танытқаны қуантады, дейді.    

Асылхан Нұрғожаева, облыстың штаттан тыс ревматолог-дәрігері:

- Жеке емханаларға жібереміз рентген түсірілімдерді. Науқастар мүмкіндігінше өздері түсіп келеді. Басқа облыстарға барып емделіп келетіндері болады. Болашақта жалпы тәжірибелік дәрігерлерді осы ревматология мамандығын меңгеруге шақырып, әрі қарай білімін жетілдіріп, соларды оқыту бізге міндеттелген облыстың денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен. 

Ғалымжан Тоғызбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас ревматологы:

- Дереу уақытында көмек көрсетілсе, әрі қарай мүгедектікке басқа да күрделі мәселелерге қол жеткізбейді адам. Осыған орай қазір Маңғыстау облысында ревматология орталығын ашу мәселесін шешу жолындамыз қазір. Осыған атсалысамыз мамандарды даярлауға, басқа технологиялармен бөлісуге. Болашақта осындай жұмыстар жоспарлануда.

Сәтін салса, халықаралық талаптарға сәйкес келетін ревматологиялық орталық және гендік-инженерлік терапия кабинеті 2024 жылы облыстық ауруханада ашылады. Мұнда жұмыс істейтін дәрігерлер күрделі ауруларды емдей алады. Жаңа орталық 39 төсек-орынмен жабдықталады. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев