Көкшетауда жылу маусымы басталды

Ең бірінші кезекте жылу балабақша, мектеп және ауруханаларға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы күндері көпқабатты үйлер қосылады. Сонымен қатар қала іргесіндегі Красный Яр және Станционный елді мекендердің қазандықтары жағылды. Облыс орталығы жылыту маусымына қаншалықты дайын?

Соңғы 2 жылда Көкшетауда жаңа нысандар көптеп салынғанына қарамастан жылыту маусымы апатсыз өтіп келеді. Биыл орталық қазандық толық жөнделді. 3 жылу агрегаты, түтін мұржалары және қосымша жабдықтар қалпына келтірілді. Бұл жұмыстарға Үкімет қорынан арнайы қаражат бөлінді. Сол себепті осы күзде жылу маусымы ерте басталды.

Руслан Мәкішев, «Көкшетау жылу» кәсіпорнының бас директоры:

- Қазір біз орталық және аула ішіндегі желілерді жылуға қосып жатырмыз. Көпқабатты үйлерді тексеріп, қысқа толық дайындадық. Жылуды әлеуметтік нысандарға жеткізе бастадық. Біздің энергокешенімізде 2 жылу қазандығы бар.

Шаһардағы жылу құбырларының жартысына жуығы ескі. Соңғы жылдары олар кезең-кезеңімен қалпына келтіріліп келеді. Биыл 6 шақырымнан астам желі ауыстырылған. 

Тұрар Мәтенов, «Көкшетау жылу» кәсіпорнының өндірістік-техникалық қызметінің басшысы:

- Басты міндетіміз – жылу берілгеннен кейін үйлер мен әлеуметтік нысандарда тиісті температураны сақтау. Сондықтан желілерді жаңарту арқасында жылудың жоғалуын 20%-ке төмендеттік. Сонымен қатар 3 шақырымдай жылу құбырларын оқшауладық.

Кәсіпорын қаланың 5 мыңнан астам нысанын жылумен қамтиды. Қазір қазандықтарда 42 мың тоннаға жуық көмір және 1,5 мың тонна мазут бар. Алдағы уақытта қатты отынның жеткілікті қоры жеткізіледі.

Авторлары: Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный.