Жетісу облысында күріш ору науқаны басталды

Ақ маржанға орақ салған шаруалар қанша  центнерден өнім алып жатыр?

Диқандарды қандай мәселе толғандырады?

Леонид Тен биыл  260 гектар жерге алғаш рет күріштің «янтарь» тұқымын сеуіп,  тәуекел етті. Қазір  өнімін жинап жатыр. 25 жылдық тәжірбиесі бар агроном сабақтағы дәнді санап,  еңбектің зая кетпегенін айтып отыр.

Леонид Тен, агроном:

- Үштөбе деп аталатын осы аймаққа бейімделген тұқымды сепкен кезде өнімнің 20-25 проценті қызыл дән болып кететін. Себебі оны ешкім жақсартпады. Әлі де ешкім айналысып жатқан жоқ. Өнім сапасын жақсарту үшін Қызылордадан ең жақсысын таңдап алдық. Үмітіміз ақталып, жақсы нәтиже беріп жатыр.

Диқандар егістік алқаптың әр гектарынан орташа есеппен 38-40 центнерден өнім алып жатыр. Күн көзі күлімдеп тұрса жиын терін науқанын бірер аптада аяқтап, дәнді дақылды тазалауға кіріседі.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қаратал ауданында оншақты шаруашылық күріш егумен айналысады. Биыл олар  аталған дақылды 1060 гектарға септі. Саладағылар күзгі жиын терін соңында 3 мың тонна өнім аламыз деп жоспарлап отыр.

Бұрындары Қаратал аймағындағы 6 мың гектарға күріш егілетін. Егістік көлемін сол деңгейге жеткізуге болады. Ол үшін шаруалардың өзекті мәселесін шешу керек.

Арман Ахметбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Бүкіл облыстың шаруа қожалықтары бір Қараталдан су алады. Бізге су соңғы өшіретпен келеді. Сондықтан бізге су келіп жетпейді. Арықтар мен каналдарды тазалау керек.

Бір гектар күрішке 25 мың текше метр су қажет. Тіршілік нәрін шаруалар 1940 жылдары салынған екі магистральды каналдан алып отыр.  Оның ұзындығы 1900 шақырымнан асады. Дихандарға суды жеткілікті көлемде жеткізу үшін аудандағы суару жүйесінің үштен бір бөлігі қалыпқа келтіріліп жатыр.

Данияр Кәкімов, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Күшік-Кәлпе магистраліне 484 км құрылыс монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 130 км механикалық тазалау, 60 км құрылыс монтаж жұмыстары жүргізіледі. Ол жерде шлюздар ауысады. Сонымен қатар 178 км,1 км облыстық ауыл шаруашылық басқармасы арқылы ұсыныс бергенбіз. Қазіргі таңда конкурстың нәтижесін күтіп отырмыз. 

Арық атыздар тазаланып, бүлінген бетондар 2025 жылға дейін ауыстырылу тиіс. Жұмыс аяқталғанда аудандағы 5300 гектар жер егістік алқапқа айналады.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев