1 Қараша – дүниежүзілік балет күні

Бүгін дүниежүзілік балет күні.

Жыл сайын маңызды мереке әлемнің түкпір-түкпірінде ерекше аталып өтіледі. Олардың қатарында отандық балет театрлары да бар. Биылдың өзінде республика бойынша балет әртістері 160-қа жуық спектакль қойған. Оны 100 мыңға жуық көрермен тамашалаған. Бүгінде шетелдік мамандар қазақ балетіне жоғары баға беруде.

Әл-Фараби Серіков, тілші:

- Біреулер үшін театр – мағыналы қойылымдар тамашалап, демалатын жер. Ал біреулер үшін уақытының көп бөлігін ізденісте өткізіп, шабыттанатын жер. Мен балет әртістері жайлы айтып тұрмын. Бүгін осы сала мамандарының жұмысымен жақын танысудың сәті түсті.

Серік Нақыспеков Астана опера және балет театрының солисі. Халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген тәжірбиелі маман. Бір қызығы балетке кездейсоқ келген. Бастапқы кезде шамамен үш жылдай қайда келгенімді түсінбей жүрдім дейді балет әртісі.

Серік Нақыспеков, "Астана опера" театрының солисі:

- Бұл салаға өзім бір ынтам болған жоқ. Әкем алып келді да. Жолдан кетіп бара жатып негізі кіре салғанбыз. Сөйтіп болған негізі. Тұратын жері болды, күні бойы мектептің ішінде болам. Біздің репертуар өте әдемі. Әрбір театрларға жаңағыдай сеніп тапсыра бермейді біздің репертуарларды. Еуропаға барамыз. Ресейге баратынбыз көп. Дүниежүзіне қай жерге шақырады театрмен барамыз, өзімізді шақырады жеке барамыз.

Балет әртістерінің әр қойылымына көрермендер көп жиналады. Себебі, репертуар жаңарып отырады. Қазіргі күннің өзінде театр репертуарында 26 балет спектаклі бар.

Ғалия Бегалина, "Астана опера" театрының тәлімгер-ұстазы:

- Қазіргі күні отандық балет саласының деңгейі өте жоғары. Мұны мақтанышпен айтамыз. Біздің балеттің басты ерекшелігі сол әртістер әр би қимылына бар ынтасын салып, шығармашылыққа мән береді. Олардың біліктілігін шыңдай түсуге барымызды салып жатырмыз.

Әл-Фараби Серіков, тілші:

- Опера және балет театрының осы залына бір сәтте 1250 адам сыяды. Сәулеті, дизайны бойынша әлемдік балет театрларынан кем түспейді. Негізгі қойылымдар осы жерде өтеді. Қазақстандық балет әртістері Еуропа мемлекеттерінен жиі шақырту алады екен. Бұл Отандық балет саласының ілгерілеп келе жатқанын аңғартса керек.

«Астана Балет» театрының әртістері «Ромео мен Джульетта» премьерасына қызу дайындалып жатыр. Осы айдың соңында атақты Шекспирдің махаббат пен трагедияға толы спектаклі көпшілікке ұсынылады. Қойылымға 80 ге жуық әртіс қатысады.

Назерке Аймұхаметова, "Астана балет" театрының солисі:

- Әрбір спектакль болған сайын қобалжисың ғой. Бәрі жақсы болады деп өзімді бір жақсы жаққа көңіл күйімді аударамын. Бәрі жақсы болады. Жақсы билеп шығасың. Сөйтіп спектакльмді бастаймын.

Үлкен сахнада өнер көрсету үшін қажырлы еңбек пен төзімділік қажет. Қазір жас балет шеберлері алдағы қойылымдарға  қызу дайындық үстінде. Қазақ ұлттық хореография академиясы көпдеңгейлі білім беретін Орталық Азиядағы тұңғыш жоғары оқу орны. Мұнда білім алу үшін алдымен қатаң іріктеуден өту қажет. Әлемге танымал өнер ордасы бүгінде қазақ балетінің қара шаңырағына айналған.

Інжу Молдабек, Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушысы:

- Шетелдік жерлерде, шетелдік сахналарда өнер көрсеткім келеді. Мен сахнаға шыққанда өте күшті әсерде боламын. Бірақ қобалжыған жерлер де болады.

Людмила Макарцева, Қазақ ұлттық хореография академиясының оқытушысы:

- Балерина болу үшін физикалық дайындықтан бұрын ептілік қажет. Бала билеп жүріп ойлана білу керек. Көбіне тума таланттар атақты балет әртісіне айналып жатады. Іріктеу кезінде біз баланың бойындағы қарым-қабілетіне ерекше мән береміз.

Бүгінде Қазақстанда төрт балет театры бар. Оның үшеуі республикалық, біреуі өңірлік театр. Жыл басынан бері республика бойынша 160-қа жуық балет спектаклі қойылды. Ал оған жиналған көрермен саны 100 мыңға жуықтайды. Бұл балетке деген қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді.

Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Жандос Битабаров, Асхат Қарақойшиев, Артур Горшняков