Агросалаға тың технология керек

Түркістан облысының шаруалары шөлейтті жерді жаңа технологиялардың көмегімен игеруде.

Аймақта су тапшылығын болдырмау үшін арнайы бассейндер салынып, егістікке жаңбырлатып суару әдісі енгізіліп жатыр. Осылайша тастақ пен құмды алқаптар көгалдандырылады. Сондай-ақ диқандар ауыспалы егістікке мән беру арқылы ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемін артыруды мақсат етіп отыр.

Созақ ауданының тұрғыны Нұрлан Керімовтың шаруашылығына тиісілі 142 гектар суармалы алқап бар. Алайда жаз айларында құрғақшылық болып, арналарда тіршілік нәрі жиі тоқтап қалады. Сондықтан жаңбыр суы мен қар еріндісін де тиімді пайдаланғысы келеді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Биыл егістік іргесінде тереңдігі 11 метрге жететін бассейн құрылысы басталды. Жоспар бойынша 32 мың текше метр су қоры жиналып, егін маусымында жаңбырлатып суаруға пайдаланылады. Шаруалардың сөзінше бұл әдіс қуаңшылықтан құтылуға мүмкіндік береді.

Жақын күндері бессейн табанына гидро оқшаулағыш мембрана төселеді. Нәтижесінде су сапасы бұзылмай, ұзақ уақыт сақталады. Сондай-ақ күн сәулесі жақсы түсіп, құрамында өсімдікке қажетті қасиеттер артатын болады.

Нұрлан Керімов, шаруа:

- Су фотосинтезбен байытылады. Өсімдікке фотосинтез керек қой. Сондай да артықшылығы бар. Сосын бассейн терең болмаса су көгеріп кетеді екен. Екінші испарение дейді ғой. Ылғалдың ауаға ұшуы көбейеді. Сол үшін тереңдеттік.

Ғылыми тұжырымға тоқтаған шаруа егістік алқабына жаңбырлатып суару қондырғысын орнатты. Жаңа технология су шығынын үш есеге азайтып, мал азықтық дақылдың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыруға 254 миллион теңге қаражат жұмсалды. Инвестициялық шығынның тең жартысын мемлекет субсидиялап береді.

Нұрлан Керімов, шаруа:

- Мемлекет шөл және шөлейтті жерлерді суландыру сосын егістік жерді ұлғайту деген бағдарламасы бар ғой. Сондай бағдарламаның негізінде ғой құрылып жатқанымыз. Жаңа технологияға көшуіміз керек. Жалпы болашақ осы жаңа технологияның еншісінде ғой.

Созақ ауданында 14 мыңнан астам егістік алқабы бар. Алайда оның 5 гектары ғана су ішеді. Биыл шөлейтті аймақты суландыру мақсатында 4 бірдей кооператив қаржыландырылды. Шаруалар заманауи трактор тіркемелері мен жаңбырлатып суару машинасына қол жеткізді. Сондай-ақ жоңышқа мен бидай сабанын шашау шығармай жинайтын техникасын да түгендеп алды.

Нұрбол Қамшыбеков, кооператив төрағасы:

- Енді техника өзімізде болғаннан кейін ауа райының ыңғайына қарап, кез-келген уақытта егіп, жерді өңдеуге мүмкіншілік алып тұрмыз. Әрине біздің де күнгей жақтағы, оңтүстік жақтағы шаруалар сияқты мол өнім алуға мүмкіншігіміз бар деп есептеймін.

Биыл егіншілікпен айналысатын агроқұрылымдар 208 мың тоннадан аса мал азығын жинады. Салаға жауаптылар ауа райының қолайсыздығы мен құрғақшылық салдарынан арпа мен бидайдың көлемі күткендегідей болмады,-дейді. Өнімділік өткен жылмен салыстырғанда әр гектардан 5 центерге азайған. Десе де техникасын жаңартқан диқандардың келер маусымнан үміті көп.

Ермек Оразбеков, Созақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

- 2023 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығының негізгі копиталына тартылған инвестиция 532 миллион теңге болып отыр. Ауыл аманаты жобасына байланысты ауданда 4 ауыл округінде 4 кооператив құрылды. Оның ішінде бірін өздеріңіз көрдіңіздер Шолаққорған ауылдық округінде.

Бұдан былай аудан шаруалары жаңа технологияның көмегімен көкөніс пен бақша алқаптарын көбейтуді қолға алмақ. Ал жаңбырлатып суару әдісі өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға оң әсер етеді деп отыр. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов