Елордада инвестициялық жобалар көбейеді

Жыл соңына дейін елордада өңдеу өнеркәсібі, білім және медицина, логистика бағытында 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.

Оның жалпы сомасы 87,7 млрд теңге. Нәтижесінде 1,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бұл туралы Президент қабылдауында болған Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Қала басшысы жылыту маусымының барысы туралы да баяндады. Оның сөзінше, биыл күзде «Оңтүстік-Шығыс» және «Тұран» газ жылу станцияларының және үшінші жылу электр орталығының алғашқы кезеңдегі құрылысы аяқталды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:

- Мемлекет басшысына қаладағы әлеуметтік-экономикалық жағдай бойынша есеп бердім. Негізгі бағыттар бойынша өсім бар. Мысалы негізгі капиталға инвестиция 7 пайыз өсті. Қысқы маусымға дайындалу туралы есеп берілді.