Өзекті мәселе көтерілген алқалы жиын

Талдықорғанда тоқтап қалған котеджді қалашықтың құрылысы келесі жылы аяқталады.

Сонымен қатар бірнеше әлеуметтік нысандар салынып, онкологиялық және оңалту орталығы пайдалануға беріледі. Бұл туралы шахар жұртшылығымен жүздескен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты. Аймақ басшысы көпшіліктің көкейкесті сұрақтарына да жауап берді.

Талдықорғанда биыл мыңнан аса пәтер берілді. Жыл соңына дейін жаңа үйге қоныстанған отбасылар саны 1700 ге жуықтайды. Тұрғындарды баспанамен қамту мемлекеттік бағдарламалар және инвесторлар есебінен жүргізілді. Қаладағы апатты үйлерге қатысты мәселе де өз шешімін тауып келеді.

Гүлниса Тұлымшақова, қалалық мәслихат депутаты:

- Апаттық үйлерде тұратын скл 20-дан астам азаматтарымызға орнына үй берілді. Бұл мәселе қалалық әкімшілік тарапынан келесі жылы толық шешімін табатын болады.

Облыстағы азық-түліктің 25 проценті Талдықорғанда өндіріледі. Халық саны 200 мыңнан асатын қалада өнеркәсіп, шағын және орта бизнес саласы да өркендеп келеді. 

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

- Қазір қалада істеп тұрған 17 мыңнан астам бизнес субъектісі бар. Бұның саны былтырғымен салыстырғанда 16 пайызға жоғары. Онда 39 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Көрсеткіш жаман емес.

Қаладағы үйлердің 90 проценті табиғи газға қосылған. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылы да жалғасып 1-і бөлімше, Алмалы, Ащыбұлақ, Мерекелік, Сарыбұлақ, Қызылтас, Балықты және Қаратал саяжайларына көгілдір отын тартылады. Аталған елдімекендерге қала мәртебесін беру мәсеселесі де басты назарда.

Людмила Хадисова, Үйтас саяжайының тұрғыны:

- Газ және ауызсу желісі тартылды, жол жасалды, Көшеміз де жарықтандырылды. Соңғы үш жылда саяжайымыз көркейді. Енді статус мәселесін шешіп берсе бәрі жақсы болады деп ойлаймын. 

Жиында қаланы абаттандыру, қоғамдық көліктердің жаңа бағыттарын ашу, салынып жатқан ықшам аудандарға инфроқұрылымдық желі тарту мәселесі көтерілді.

Роза Ақжаркенова облыс әкімінің жұртшылықпен жүздесуіне үшінші рет қатысып отыр. Алғашқыда ол мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инвотакси қажеттігін айтқан. Мәселе шешілген соң жол апатына ұшырағандарды оңалтатын орталық керектігін жеткізді. Аталған нысан келесі жылы салынатын болды. Ал, осы жолы жол жүру ақысына қатысты мәселені көтерді.   

Роза Ақжаркенова, "Ерлік" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

- Қазақта тас керек адам дейді ғой. Үшінші топ мүгедек болған соң ешкім жұмысқа алмайды. Олардың алатыны 45 мың. Сұрағаным 50пайызбен жеңілдік болса. Көбіне олар больницаға барады. Қалтасы көтермейді шынымен.

Келесі жылы Талдықорғанда коттеджді қалашықтың және ардагерлер саябағының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар бірнеше спорт және медициналық орталықтар салынады. Ал Қаратал өзенінің бойында жаңа ықшам аудан бой көтеріп, қаланың көркі ажарлана түспек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев