Жайылым жерлерге қатысты заң өзгертілді

Бұған дейін елімізде жайылымдық жерлер конкурссыз беріліп келсе, енді бұл норма алынып тасталады.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Соған сәйкес, жеке және заңды тұлғаларға жер тек 5 жылға дейінгі мерзімге берілмек. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының мал жаятын аумағының мәртебесін нығайту үшін «көпшілік пайдаланатын жайылымдар» жеке ұғымы енгізіледі. Ал жайылымдардың айналасында қазу жұмыстарын жүргізгендер жауапкершілікке тартылатын болады.

Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жайылымдарды суландыру және жайылымдарды түбегейлі және олардың беткі қабатын жақсарту бойынша шығындарды субсидиялау арқылы фермелерге мемлекеттік қолдау нормалары көзделген. Сонымен қатар, көпшілік пайдаланатын жайылымдарды қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыру жергілікті бюджеттерден және басқа да көздерден қарастырылып отыр. Енгізіліп отырған өзгерістер тұрғындардың қажеттілігіне қарай жайылымдардың жетіспеушілік мәселелерін шешуге ықпал етеді.