Ақтөбеде аулалар абаттандырылып жатыр

Ақтөбеде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына биыл 3,5 млрд теңге қаржы бөлінеді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл былтырғымен салыстырғанда 3 есе көп. Нәтижесінде ондаған көпқабатты үйдің маңы абаттандырылып, тұрғындардың талап-тілектеріне сай қажетті инфрақұрылым салынатын болады.

11-ші шағын аудандағы бұл алаңға құрылыс компаниясы көпқабатты үй салуды көздеген. Алайда тұрғындар наразылық танытып, кезіндегі футбол алаңын қайтадан қалыпқа келтіруге бел шеше кіріседі. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына қатысып, спорттық нысанның жобасын әзірлепті. Нәтижесінде заманауи воркаут және футбол алаңы қолданысқа берілген.

Бейбіт Шарова, пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

- Бірінші кезде адамдардың енді соншама қуаныштары үй ішімен келіп, осы жерге шай, самаурындарын әкеліп, балалар отбасымен отырып, 2-3 күн сондай той болды. Содан кейін түнге дейін, сағат 3-4-ке дейін бүкіл біздің 11,12, Мәскеуден балалар келіп, әртүрлі жас категориясы арасында жарыс өткізді.

Қаңырап тұрған бұл орынды шағын саябаққа айналдырып, ортасына футбол алаңын төсеуді Алтын Орда ауданы тұрғындары да жоспарлап жүр. Спорттық нысандар кез келген балаға қолжетімді болуы қажет, - дейді. Сондықтан қазір жақын маңдағы үй тұрғындары жоба әзірлеуге кіріскен.

Арсен Қалиев, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

- Аулада балаларға ойнайтын орын аз. Қазір енді мына жер бос тұр көптен бері, осы жерге балаларға ойын алаңын, футбол алаңын, демалыс орнын жасағымыз келеді.

Айман Сексенова, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты:

- Тұрғындар қаңтардың 20-сына дейін барлық құжаттарды дайындап, порталға енгізуі тиіс. Одан кейін дауыс беруге 1 ай мерзім бар. Көпшіліктің таңдаған жобасына қаржы бөлінеді. Сондықтан халықтың белсенді қатысуы өте маңызды.

2024 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Ақтөбеде 70 жоба жүзеге асуы тиіс. Бұл мақсатқа қазынадан 3,5 млрд теңге қаражат бөлінген.

Айта кету керек, соңғы 2 жылда қаржы көлемі 13 есе артып отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.