Жезқазған маңында үлгілі ауыл бар

Жезқазған қаласына қарасты Талап ауылын жұрт «үлгілі ауыл» деп атайды.

Мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде соңғы 3 жылда бірде-бір қылмыс немесе ұсақ құқық бұзушылық тіркелмеген. Ауыл ақсақалдары бұл учаскелік инспектормен бірлесе жүргізген жұмыстардың нәтижесі екенін айтады.

Бұрын Талап ауылына бекітілген учаскелік инспектор Жезқазғаннан келіп жұмыс істейтін. Ауыл ішінде полицей болмағандықтан қоғамдық тәртіпті үнемі бақылауда ұстау қиынға соғатын. Ал Ғанибет Исатаев көшіп келгелі жағдай мүлдем өзгерді. Бұзақылықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстардан нәтиже шыққанын тұрғындар да растап отыр.

Асан Мұқанов, Талап ауылының тұрғыны:

- Ақсақалдар ұжымы бар, өзіміздің үлкен ақсақал бар Асанғазин Жақыпбек деген. Сол кісінің арқасында біраз жұмыс істеліп жатыр. 5-6 жыл болды қарап отырсаң, ондай бұзықтық та, ұрлық-қарлық та жоқ. Мысалы, біздің үйде не ит те жоқ, есік ашық-тесік жатады. Бірақ ешкім тиіспейді.

Тұрғындармен тығыз байланыста жүретін Ғанибет Исатаев бұл салада 10 жылдан артық еңбек етеді. Ауылдағы қызметін ол бірден бұзақылықтың алдын алудан бастаған. Жастармен кездесулер ұйымдастырып, аға буынның өнегелі жолы мен ақыл-кеңесін үлгі етіп отырады.

Ғанибет Исатаев, учаскелік полиция инспекторы:

- Тұрғындарының, осы ауылдың басшысының, ақсақалдар алқасының көмегі тиді деп айта аламын. Түсіндірме жұмыстарын ең басты маңызды сұрақ қып танып, сонымен жұмыс атқарамыз. Және жаяу жүріп үйлерге кіріп, құқықбұзушылыққа бейімі бар азаматтармен жұмыс атқарылады.

Талап елді мекені Қызылорда - Жезқазған тасжолы бойында орналасқан. Сол себепті жол қауіпсіздігін бақылау да инспектордың құзырында. Бұдан бөлек ауылға 40-тан астам шаруа қожалығы қарайды. Полицей мен жергілікті азаматтардың бірлескен жұмысы нәтижесінде 3 жылдан бері мал ұрлығына жол берлімепті.

Ғанибет Исатаев, учаскелік полиция инспекторы:

- 20-30 шақырым жерде Жезді, Талап өзендері бар. Жылдың 4 мезгілінде де осы өзендердің бойында мал ұрлығының алдын алу, заңсыз балық, құс аулау фактілерінің алдын алу барысында профилактикалық жұмыстар тәулік бойы атқарылады.

Аймақта көгілдір отынға алғашқылардың бірі болып қол жеткізген ауылдың тұрмысы түзу. Кәріз құбыры жаңарып, сапалы ауыз су келді. Заманауи үлгідегі ойын алаңдары салынды. Көпшіліктің игілігі үшін жасалған дүниеге қамқорлық танытқан абзал. Учаскелік инспектордың оқушылармен кездесуінде көтерілетін басты тақырыптың бірі осы.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Гүлшаһира Серекбаева