Ақтауда ерекше сұлулық салоны жұмыс істейді

Ақтауда өзгелерден ерекше сұлулық салоны бар, деп хабарлайды 24KZ.

Онда 20-дан астам мүгедектігі бар адам жұмыс істейді. Көру және есту қабілетінен айырылғандар шаштараз, косметолог ретінде табыс тауып жүр. Олардың қызметіне жүгінетіндер қарасы қалың. Әр адам өз қалауын қимылмен, қажетінше сурдоаудармашы арқылы жеткізеді.

Жанаргүл Арыстанова – екінші топтағы мүгедек. Осыдан 2 жыл бұрын Ақтауға Жаңаөзеннен көшіп келді. Қазір үйді жалдап тұрады. Жұмысқа орналасайын десе көзі нашар көреді. Содан осы салонға келіп, массаж өнерін үйренген.

Жанаргүл Арыстанова, қала тұрғыны:

- Айлығымды уақытымен алып отырмын. Уақытымен 15 күн сайын. Шүкір, кредиттерімнен құтылдым қарайған. Пәтер ақыларынан құтылып жатырмын. Аллаға шүкір, ешқандай шағымым жоқ. Бәрі жақсы.

Наталья Петренко жастық шағында көз жанарынан айырылған. Осыған дейін бірнеше мамандық бойынша жедел курстар бітірген. Қазір де білім алуын жалғастырып келеді. 59 жасқа келген ол Ақтаудағы медициналық колледжде оқиды. Қызметтен қолы бос уақытында балаларға компьютерлік сауаттылықты арттыру пәнінен сабақ өткізеді.  

Наталья Петренко, қала тұрғыны:

- Сұлулық салонына түстен кейін келемін. Ал оған дейін колледжде оқимын. Медициналық білім алып, кәсіби массажист болуды армандаймын. Жұмыс істеймін деген адамға ешқандай кедергі жоғын түсіндім. Бәрі тәжірибе арқылы келеді.

Ерекше сұлулық салоны Ақтауда 2 жыл бұрын ашылды. Қожайыны – кәсіби шаштараз. Ол мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа алудан еш тартынбағанын айтады. Қазір мұндағылар – өз ісінің шебері. Шаш қиып, бет әрлейді. Массаж жасап, тырнақ әсемдейді.

Данияр Тұрсекенов, әлеуметтік кәсіпкер:

- Жалақы қазір 50/50. Мысалы, табыстың 50%-ін өздеріне алады, қалғаны – салонға. Көбісі краскаға, арендасына кетеді. Тігін цехын ашқысы келген анам. Осы айда ашқысы келген. Оған жете алмай қалды. Оны да ашамыз, бұйырса.

Әсел Ыбырай, облыстық Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары:

- Облыс көлемінде 2 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтылған. Оның жартысынан көбі тұрақты жұмыспен, 500-ден астам азамат уақытша жұмыс орындарымен қамтылған. Уақытша жұмыс орны дегеніміз –  мемлекет тарапынан жалақысы толықтай немесе ішінара субсидияланатын жұмыс орындары. Жұмыс берушілердің сұранысына байланысты, көбіне олар кеңсе қызметкері ретінде, сосын сұлулық салондарына қызмет көрсету саласын таңдайды.

Әлеуметтік жобаны жүзеге асырған іскер әйел жақында дүниеден озды. Сауабы мол жұмысты балалары жалғастырып жүр. Олар анасы армандаған тігін шеберханасын ашып, мүгедектігі болғанына қарамастан, жұмыс істеуге ынталы адамдарды ұжымға әлі де қабылдай бермек.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.