Ақмола облысында су тасқынының алдын алу пысықталды

Күн жылынса болды, Ақмола облысында жыл cайын су тасиды.

Айтып келмейтін апаттың алдын алу үшін жауаптылар көшпелі кеңес өткізіп, тасқынға тосқын қою қамын пысықтады. Еріген қар суы тұрғын үйлерді басып қалмас үшін 293 мың текше метр ақ ұлпа шығарылды. Алда тағы қандай жұмыстар атқарылады?

Былтыр көктемде Ақмола облысында Сарқырама өзені тасып, сол маңдағы ауылды су басқан. Еріктілер мен мамандар қырық жамау көрген қайықпен халықты ары-бері тасығаны көптің есінде. Сондықтан бүгінгі жиынға келгендер су тасқынының алдын алу керек, дейді. Соның ішінде Целиноград, Қорғалжын, Астрахан, Атбасар және Шортандының жағдайы жіті бақылауда. 

Қанат Доспаев, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы:

- Бүгінде облыстағы 127 елді мекенде су басу қаупі бар. Онда инженерлік-техникалық жұмыстар жүргіздік. Атап айтқанда, бөгеттерді нығайтып, су өткізгіш құбырларды тазалап, жағалауларды бекіту және инертті материалдарды сақтау шараларын атқардық. 

Жиналғандар «Көктем-2024» республикалық оқу-жаттығу жиынын қорытындылап, Аршалы ауданы Жібек жолы ауылына барды. Мамандардың дайындығын қарап, техниканы түгендеді. Мәселен, облыста 21 мың тоннадан астам инертті материал, мыңға жуық техника, 37 жүзу құралы бар. 

Марат Ахметжанов, облыс әкiмi:

- Егер осы іс-шаралар өз нәтижесін бермей су тасқыны болса, оқу-жаттығу мәселесі бұл жерде жан-жақты төтенше жағдай, волонтерлер, жергілікті атқару органдарының күштері жұмылып, қандай осал жерлер бар, сол жерден су дамбыны жуып кететін болса қапқа құм салып оны бекітіп, халыққа жария жасап, қауіпсіздік бекеттерге апарып, малды шығарып, осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өздеріңізге бүгін көрсеттік, жаңа техникамыз бар. Ескіргені жөндеу көрген техникамыз бар. 

Табиғи апат болған жағдайда, ашуға ерік бермей, сабыр сақтап бірден қауіпсіздік шараларын қолға алған жөн, дейді мамандар. Ол үшін су қоймасына жақын орналасқан ауылдарда жиі сақтық шаралары ұйымдастырылып тұрады. 

Әділет Серік, Көкшетау қаласы №10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері:

- Біз төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері барша халықпен үй-жайларды аралау бойынша, қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша қызмет атқарып келе жатырмыз. Тұрғындарға су басқан жағдайда ең алдымен қандай керекті заттар алу керек екенін тізімін жеткізіп жатырмыз. Үйлерді аралағанда түсіністікпен қарауын сұраймыз.

Биыл су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге облысқа 2 миллиард 239 миллион теңге бөлінген. Барлық аудан бақылауға алынған деп сендірді аймақ басшысы.

Диана Қадыр, Ырыстанбек Оспанов