Абай облысында қырыққа жуық елді мекенді су басу қаупі бар

Абай облысында 40-қа жуық елді мекенді су басу қаупі бар.

Әсіресе биыл Көкпекті ауданында қар жылдағыдан мол түскен. Ал Ақсуат ауданының тұрғындары тоңның қалыңдығына алаңдаулы. Жергілікті билік көктемгі тасқынға қарсы тұруға дайын ба?

Азамат Қасым, тілші:

- Абай облысындағы қар ең көп жауатын ауданның бірі Көкпекті. Биыл бұл өңірге ақ ұлпа жылдағыдан бірнеше есе қалың түскен. Осыған орай көктемгі тасқынға дайындық жұмысы қазірден басталып кетті.

Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, тасқынға тосқын жасау үшін 7 мың қап құм әзірленген. Он мың тоннаға жуық жанар-жағармай сатып алынған. Ауданда 16 мотопомпа бар. Қар тазалайтын техника да жеткілікті.

Марат Теміржанов, Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары:

- Аудан бойынша жердің қаттылығы 50 сантиметр болып тұр. Және де бүгінгі күнге аудан бойынша дайындығымыз бар. Бәрі су құбырлардың бәрін күзгі айда каналдардың бәрі тазаланған болатын. Және де қардан алдында бір тазалатқанбыз. Енді осы бір жұма аралығында тағы тазалаймыз.

Көкпектімен іргелес Ақсуат ауданы да көктемгі тасқынға қамданып жатыр. Жақында осы өңірдегі екі ауыл мен бір қыстаққа су кірген еді. Еріген қар суы Қызылкесік, Ойшілік ауылдары мен Көккемер қыстауындағы онға жуық аулаға жайылған болатын. Аудандық Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, аудандағы үш ауылды су басу қаупі бар.

Талант Рақымжанов, Ақсуат ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы:

- Ол Жәнтікей, Ойшілік және Көкжыра ауылдары. Ойшілік ауылында 2021 жылы арнайы қорғаныс бөгетін жасаған болатынбыз. Ол жерден қауіп жойылды деп саналады. Қалған елді мекендерде су тасқынына қарсы шараларды атқардық. Өзен арнасын тазаладық, қомдадық, көмкердік.

Алайда қауіп сейілді деп қамсыз отыруға болмайды дейді жергілікті тұрғындар. Өйткені биыл аймақта тоң жылдағыдан қалың.

Жамбыл Жұманбаев, Жәнтікей ауылының тұрғыны:

- Біреу бір сәуегейлік жасаған, қоңырала қыс болады деп. Ол осы ойнамалы, біресе суық, біресе ыстықты айтқаны ғой. Ал енді ана ыстықтаған кезде тауға жиналған қар шыдамайды. Тазаланып отыру керек. Әлгі қамсыз болмау керек. Жолдар мына су келетін ауылдың өзінде құбырлар бар. Солардың басын ашып, тазалап.

Абай облысында 38 елді мекенді су басу қаупі бар. Бұл аумақта 10 мыңнан астам халық тұрады. Төтенше жағдай департаменті қазір алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Мың екі жүзден астам адам, 360 техника мен 144 мотопомпа тасқын бола қалған жағдайда жұмыс істеуге дайын.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов

Сондай-ақ...