Үш ауысымды мектептер қашан жойылады?

Алматы облысының орта білім беру ошақтарында 11 мыңнан астам оқушыға орын тапшы.

Халқы тығыз қоныстанған облыста 40 шақты үш ауысымды мектеп бар.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Алматы облысында үш ауысымда білім беретін 39 мектеп болса, соның тең жартысы Іле ауданында орналасқан. Міне, біз қазір Жайнақ ауылындағы №40 орта мектепке келдік. Бұл ғимарат кезінде 600 орынға шақтап салынған. Бірақ қазір мұнда 2 мыңға жуық бала үш ауысымда білім алып жатыр.

«Бұл мектеп 2016 жылы салынған. Ол кезде Боралдай кентінің Жайнақ ауылындағы халық саны екі есе аз еді. Қазір 7 мыңға жетті. Жылдан-жылға кеңейіп келе жатқан ауылымызға тағы бір мектеп қажет», - дейді тұрғындар.  

Айжан Мұхамедрахымова, Жайнақ ауылының тұрғыны:

- Енді біз сұрайтынымыз бізге мектеп керек. Тіпті болмаса пристройка керек бізге шұғыл түрде. Себебі бір сыныпта 28 баладан оқып жатыр. Ол балаға да баланың біліміне де өте қатты әсерін тигізіп жатыр.

Әлімжан Рахманұлы, Жайнақ ауылының тұрғыны:

- Ұстаздарға да ауыр тиіп жатыр. Мүмкіндігі болса осы ауылымызға тағы бір мектеп салынса жақсы болар еді. Неге десеңіз қатынас жағы өте қиын болып жатыр.

Мектепте оқу кабинетері жетіспейді. Сол себепті ұстаздар зертханаларды да оқу кабинетіне айналдырған. 

Сәуле Тазабекова, №40 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Сонымен қатар мына спорт залы қиындық туғызады. Бала саны көбеюіне байланысты дене шынықтыру сабағында 3-4 сынып кіретін кездері болады. Енді балалардың қауіпсіздігі ғой. Сол кезде бізге кабинеттерде шахмат ойындарын өткізуге тура келеді.

Алматы облысындағы үш ауысымды мектептерді жою мақсатында жыл сайын жаңа білім ошақтары салынып жатыр. 2023-2024 оқу жылында Іле ауданында 6 мектеп қолданысқа берілді. Жаңаталап ауылында 600 орындық, ал Боралдай кентінде 1500 оқушыға арналған тағы бір білім ошағы ашылды.

Оразбай Шындәулет, оқушы:

- Бұрынғы мектебімізге қарағанда бұл мектеп әдемі және көрікті. Осындай мектепте оқығанымызға менің достарым да, мен де өте қуаныштымыз.

Гүлмира Уальбаева, білім басқармасының бөлім басшысы:

- 9 мектеп инвесторларды тарту арқылы салынды. Оның ішінде бүгінгі күнде 5 мектеп берілді. Ол жаңағы Іле, Жамбыл, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандандарында және 4 мектептің құрылысы жүргізілуде инвесторларды тарту арқылы. 

«Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 53 мектептің құрылысы басталады. Биыл 26 орта білім беру ошағы, ал 2025 жылы 27 мектеп салынады. Сол арқылы өңірдегі үш ауысымды мектептерді жою мәселесі оң шешімін табады», - дейді мамандар.

Авторлары. Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов