Алматыда «Тамыр» тарихи драмасының тұсаукесері өтті

Фильмде қарапайым қазақ отбасынан шыққан Қасым Мұқашевтің өмірі мен тағдыр жолы көрсетілді.

Майданға аттанған сарбаздардың ажалмен бетпе-бет келуі, соғыс қасіреті, адами болмыс тақырыбы қамтылады. Көркем туындының басты идеясы - жас ұрпақты отанды сүюге, тарихқа тағзым етіп, ерлік пен достықты дәріптеуге шақыру.

Ата-анасынан айырылып, жетім қалған бала Қасым интернатта тәрбиеленеді. Өзімен жасты балалармен достасады. Мылтық атуды үйреніп, мерген атанады. Ер жеткенде соғысқа аттанып, кескілескен шайқастарда ерлік танытады. Басты кейіпкер Қасым Мұқашевтің рөлін жас актер Данияр Тәженов ойнайды.

Данияр Тәженов, актер:

- Кейіпкерім арқылы соғысқа қатысқан аталарымыздың рух-жігерін, болмысын  экраннан көрсете алдым деп үміттенемін. Әрине, бағасын көрермен береді. Түсірілімді бастағанда крантинге тап болдық. Десе де жағдайы өз ыңғайымызға икемдеп, майдан көріністеріне жақсылап дйындалуға мүмкіндік туды. Актер ретінде шеберлгімді шыңдадым. Атқа мініп, тапанша мен мылтық атуды үйрендім.

Фильм елімізде, Ресей мен Белорусьте түсірілді. Режиссері Илья Таучелов.  Басты рөльдерде Санжар Мәди, Дина Тасбулатова, Алексей Бардуков сынды белгілі актерлер бар.   

Илья Таучелов, «Тамыр» фильмінің режиссері:

- Кинода  ұрпақ сабақтастығын көрсетуге тырыстық. Жастарымыз тарихты білуі керек. Қазір көңіл көтеретін комедия жанрындағы фильмдерге сұрныс көп. Дегенмен, өткенді ұмытпай, аталардың өнегілі өмірін экранға шығару қажет деп санаймын. Архивті көп ақтарып, тарихи құжаттарды зерделедік. Суретшілеріміз қыруар еңбек етті.

Дина Тасбулатова, актриса:

- Тарихи фильмде басты рольді ойнау оңай емес. Бірақ мен бала кезімнен осындай драмаға түскім келетін. Міне, сол арманым орындалды.

Бүгіннен бастап «Тамыр» фильмі еліміздегі «Кинопарк- Киноплекс» кинотеатрлар желісінде көрсетіледі.     

Авторлары: А.Садуақас, Ә.Нарымбаев