Ұзынкөл елді мекеніне қауіп төніп тұр. LIVE

Батыс Қазақстан облысында тасқынның беті қайтар емес.

Су басқан ауылдар күн санап көбеюде. Күні кеше өңірде эвакуацияланғандардың саны 4 жарым мың болса, бүгінгі дерек бойынша 6 жарым мың адам қауіпсіз жерге көшірілген. Оның 1200-і эвакуациялау пункттеріне орналасқан. Бастауын Ресейден алатын трансшекаралық өзендер де тасып жатыр. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Су тасқыны басталғалы бір апта болды, өңірдегі жағдай әлі тұрақтала қойған жоқ. Шаған өзені тасуына байланысты түнде Деркөл кентіндегі Самал-3 ықшам ауданы мен бірнеше саяжай серіктестіктерінің тұрғындары эвакуацияланды. Теректі ауданында Ұзынкөл су қоймасы кемеріне келіп лықылдап тұрғандықтан аталған ауылдан 700-дей адам қауіпсіз жерге көшіріліпті. Төтенше жағдай департаментінің мамандары сыйымдылығы 85 миллион текше метрлік қойманы кез келген сәтте су бұзып кетуі мүмкін екенін айтады. Олай болған жағдайда, төмендегі Жаңаөмір, Барбастау, Юбилейный, Кемер ауылдарына қауіп бар. Қазір сол жерде жедел штаб құрылды, арнайы техникалар әзір тұр. Және Бәйтерек ауданы Махамбет ауылында шеткері көшелерді қырдан құйылған қызыл су басып, 31-адам көшірілді. Жалпы өңір бойынша 6500 адам эвакуацияланған, соның 1200-і  арнайы орындарға орналасты.

Жалпы мамандар аймақтағы көктемгі су тасқынын бірнеше кезеңге бөледі. «Әуелі еріген қар суы аулаларға толса, екінші кезеңде жергілікті кішкентай өзендер тасиды. Содан кейін барып, бастауын Ресейден алатын трансшекаралық өзендерге кезек келеді. Ал биыл жауын-шашын мен күннің күрт жылынуына байланысты бәрі тез жүріп жатыр. Мәселен, бір-біріне құятын Деркөл, Шаған, Жайық осы үш өзенның де арнасы қатар көтерілді қазір. Жайық деңгейі 6 метрге жетті. Орынбордағы Ирикла су қоймасынан сәуірге дейін секундына 90 текше метр су жіберілсе, сәуірден бастап ол 390-ға, ал бүгін 790 текше метрге жетті. Оның бержағында Сақмар, Елек, Ор, Шыңғырлау, Шаған өзендері Жайыққа құятынын ескерсек, өзен  биыл қауіпті деңгейден асып түсуі әбден мүмкін», - дейді мамандар.

Тілеген Шапанов, «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры:

- Жайық өзені Орал қаласы тұсында соңғы 30 жыл ішінде ең жоғарғы су деңгейі 1994 жылы байқалды. Ол кезде су деңгейі 853 см құраған болатын, яғни қауіпті межеден асты. Ал барлық тарихты қарайтын болсақ 1942 жылы 943 см-ге жетті. Сәуірдің екінші жартысында Жайық өзені деңгейі 850 см жетеді деп болжап отырмыз. Қауіпті деңгей 850 см. Және де Жайық өзені Орал қаласы тұсында су деңгейі 650 см асқан жағдайда су Жайық өзенінің жайылмасына шығып, бау-бақша серіктестіктеріне қауіп төндіретін болады. Бүгінгі күнде Ирикла су қоймасының су тастауы секундына 790 кубты құрап отыр. Бұл көрсеткіш күніне екі-үш мәрте өсуде. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Күні бүгін тасқын су жергілікті маңыздағы 11 жолды 31 жерден жырып кеткен. 10 ауыл көлік қатынасынсыз қалды. Ол ауылдарға  азық-түлік пен басқа да қажетті дүниелер тікұшақпен жеткізілуде.