Доссор-Құлсары тасжолында көлік қозғалысы толық тоқтатылды

Атырау облысының Жылыой ауданында Жем өзені арнасынан асып, Құлсары қаласынан 20 шақырым жердегі тасжолды су басып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Доссор-Құлсары бағытындағы көлік қозғалысы толық тоқтатылды. «ҚазАвтоЖол» мекемесі суды бөгеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Еске сала кетейік, бүгін Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланды. Тасқын су түнде Қарағай елді мекенін басып, тұрғындар қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Құлсары қаласымен өтетін Құрсай өзенінің арнасы да толып тұр. Төтенше жағдайға байланысты аудандағы балабақшалар жұмысы тоқтатылып, мектептер онлайн режимге көшірілді.

Ерлан Биғамбаев, облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы:

- Құлсары-Доссор жол қозғалысы толық тоқтатылды. Жолдар қалыпқа келгенше бұл бағыттағы жолдарға жолға шықпауларыңыз, қауіпсіздікке мұқият болуларыңыз сұралады. Қазіргі таңда су басқан тасжолдың бойында патрульдік полиция қызметкерлері түсіндірме жұмыстарын атқарып жатыр.