Жайықтың суы Жарсуат ауылына кірді

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің бойында 94 елді мекен орналасқан. Өзен тасыса, олардың қай-қайсысына да қауіп бар.

Дария деңгейі Орал қаласының тұсында бүгін түсте 720 сантиметрге жетсе, Бөрлі ауданының Ресеймен шекаралас Жарсуат ауылында 995 сантиметрге көтерілген. Шеткері көшедегі бірнеше үйді су басқан.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Біз Қазір Бөрлі ауданына қарасты Жарсуат ауылында, Жайық өзенінің жағасында тұрмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, су күн санап көтеріліп жатыр. Көршілес Ресейдің Орынбор қаласында өзен деңгейі бүгінгі таңда қауіпті межеден асып, 978 сантиметрге жеткені мәлім. Орынбордан жоғарыда орналасқан Ирикла су қоймасынан Жайыққа жіберілер судың мөлшері бүгін секундына 993 текше метрге түсіпті. Бірақ соның алдында бір апта бойы ол көрсеткіш 2170, 1670 текше метрді құраған болатын. Орынбордан бері 20 шақырым шыққанда Сақмар өзені бар Жайыққа қосылатын. Сол мол су енді 2-3 күнде Батыс Қазақстан облысының да аумағына жетеді, – деп болжайды мамандар. Ең бірінші тасқын суды қарсы алатын Бөрлі ауданы, Жарсуат ауылы. Ең қауіп төніп тұрғаны да осы ауыл. Өзен ауылдың іргесінде, кемеріне келуге аз қалған. Қазір арнайы техникалар жағалауды көтеріп, топырақ үйіп жатыр.

Асқар Өтелиев, Жарсуат ауылының әкімі:

- Қазір 9 метр 95 см. Ауылға кіріп бастағаны – 9 метр 45 см. Менің қазір білетінім, бір үйге 10-15 сантиметр су кірді. Бар тұрғындар хабардар. Бәрі көшуге дайын. Бұрын қалай болды? Бірінші қырдың суы, қардың суы келеді. Содан електің суы, сосын ана жақтан Оралдың суы келеді. Бірінің артынан бірі келсе, ол көрінбей жайлап кетеді. Биыл менің түсінгенім, Ақтөбе жақтан, Ресей жақтан бәрі бірге келе жатыр. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Жалпы Бөрлі ауданы бойынша 9 елді мекен, Жарсуат, Бумакөл, Приурал, Қанай, Бөрлі, Облавка, Димитров, Қарашығанақ, Даниялкөл ауылдары Жайықтың жағасында орналасқан. Өзен арнасынан таситын болса, ең алдымен осы елді мекендердің тұрғындары көшіріледі. Қазір уақытша паналау пунктері дайын. Аталған ауылдардың айналасында Ақсай қаласынан келген ауыр техникалар жалпы ұзындығы 10 шақырымдай бөгеттер тұрғызып жатыр. Ол бөгеттер асау ағысқа қаншалықты төтеп беретінін санаулы күннен соң білетін боламыз.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов.