Су басқан өңірлерге 2 мыңға тарта әскери қызметші жіберілді

Ел аумағындағы су басқан өңірлерге 2 мыңға тарта әскери қызметші жіберілді, деп хабарлайды 24KZ.

137 бірлік техника, 4 әскери авиация тікұшағы тартылды. Елді мекендерден 100-ден астам адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 11 тонна жүк тасымалданды. Қарулы Күштердің жеке құрамы Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Ақмола облыстары мен Петропавл қаласында өзен-көлдердің жағасын бекіту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.  

Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- 27 наурыз бен 13 сәуір аралығында Қарулы Күштерден су тасқынына қарсы іс-шараларға жеке құрамның 4 959 адамы, 166 бірлік автомобиль техникасы, 5 автобус, армия авиациясының 11 тікұшағы, 5 әскери-көліктік ұшағы жұмылдырылды. 421 ұшу жасалды, 2 837 адам эвакуацияланды, оның ішінде 792 бала бар. 868 адам, 148 496 келі жүк тасымалданды.