БҚО-да 380 үй жарамсыз деп танылды

Батыс Қазақстан облысында 1286 тұрғын үйді су басса, соның 380-і жарамсыз деп танылды.

Ал су алған 2994 саяжай учаскесіндегі тексеру-бағалау жұмыстары тасқынның беті қайтқан соң жүргізілмек. Күні бүгін Жайық өзенінің жайылмасындағы бау-бақша серіктестіктерінің тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Өзен деңгейі соңғы тәулікте 2 сантиметрге өсіп, бүгін 781 сантиметрді құрады.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Биылғы тасқынның масштабын Оралдың орталығында отырып сезіну қиын. Оны мына саяжайларды аралағанда ғана түсінесің. Жайықтың жайылмасында 55 бау-бақша серіктестігі болса, онда  10 мыңдай адам тұрақты мекендесе, қазір ол үйлердің барлығы дерлік суға кетті. Су кейбір үйлердің шатырынан келіп тұр.

Бірінші саяжай аталатын мына ауданға қазір көлік жүрмейді. Мүлгіген тыныштықты ара-арасында моторлы қайықтардың дыбысы ғана бұзады. Тәртіп сақшылары мародерлықтың алдын алу үшін рейдке шықса, төтенше жағдай қызметкерлері құжатын, үй жануарларын қалдырып кеткен тұрғындардың өтінішімен суға ескек салады. 

Андрей Феодосияди, жедел құтқару жасағының қызметкері:

- Үйлерінде қалып қойған иттер болса, мысық болса, бәрін шығарып, жиекке шығарып жібереміз. Екі қайықпен жұмыс істеп, күніне 13-15 рейс қатынаймыз.

Күнсұлу Қарақулаева, Орал қаласының тұрғыны:

- Мына кісілерге рахмет! Барлық жерде көмек беріп жатыр. Аллам жар болсын бәріне! Құжатымыз қалып кетіп еді, соған көмек беріп апарып алып келдік.

Тасқынға тап болған Батыс Қазақстан облысына өзге өңірлерден көптеп көмек келіп жатыр. Гуманитарлық жүктен басқа, ірі компаниялар арнайы техникаларын да Ақжайыққа аттандырыпты. Соның бірі Алматыдан жеткен «Атлас» деп аталатын мына жол талғамайтын көлік. Құрғақта жүйткиді, балшықтан өтеді, суда жүзеді.

Арман Тосқанбаев, кәсіпкер:

- 130 палаткамыз бар. Ауылдық жерге болсын 130 далаға лагерь жасай аламыз. Үйлерінен шыға алмай жатқан адамдарға осы Атлас секілді техникамен барып, ол кісілерге құтқаруға көмектесе аламыз. Мұның бір артықшылығы дача көшелері тар да, үлкен техникалар өте алмайды. Мынадай Атлас секілді техника қоршаулар болсын, ағаштар болсын, құрыыс материалдары болсын, енсіз көшелерге өтіп үйлерге жете алады.

Жайықтың жайылмасындағы бау-бақша серіктестіктерінің басым бөлігі суға кетті. Әзірге санаулысы ғана аман.Ол жақта 10 мыңдай адам тұрақты мекендейді. Оларға келген шығын қалай өтелмек? Қазір зардап шеккендерді мазалайтын басты сауал осы. Өңірде 2994 саяжай телімін су басқан.

Қалияр Айтмұқамбетов Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

- Бұл бағытта кеше ғана үкіметтің отырысы өтті. Әр өңірден ұсыныстар алып жатыр. Осы саяжай бойынша біз өз ұсынысымызды жолдадық. Бүгін-ертең шешім қабылдағасын жалпы жариялап айтуға болады. Енді түсінікті, жағдай қиын. Бір ереже шыққасын толық айта аламыз. Ешкім көмексіз қалмайды.

Облыс орталығы мен 4 ауданда 1286 үйді су алса, соның 380-і жарамсыз деп танылған. Құлаған үйлердің орнына жаңасы салынады. Бірақ ол үйлердің орны топографиялық зерттеулердің қорытындысына сәйкес анықталмақ.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов