«Весенняя Аралчинская» шахтасының кеншілері неден көз жұмғаны белгілі болды

«Весенняя Аралчинская» шахтасының кеншілері газдан уланып мерт болған.

Бүгін Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы тергеудің алғашқы нәтижелерін баяндады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Естеріңізге сала кетейік, Хромтау ауданындағы кен орындарының бірінде жарылыс жұмыстары кезінде 4 азамат көз жұмған болатын. Оқиғаның себебін арнайы комиссия анықтайды. Оның құрамында құзырлы мемлекеттік органдардан бөлек мекеме жұмысшылары да бар. Қылмыстық іс қозғалды. Кен өндіруші компания марқұмдардың жаназасына 2 миллион теңгеден бөлген. Ал, отбасыларына қаржылай қолдау ретінде 20 миллион теңгеден ұсынып отыр. Немесе кенже балалары кәмілет жасына жеткенге дейін қаза болған отағасының жалақысын төлеуге әзір.

Қуаныш Камеев, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

- Сот-медициналық сараптаманың нәтижесі толықтай әзір бола қойған жоқ. Дегенмен, алдын ала болжам бойынша 4 кенші белгісіз газдан уланған деп пайымдап отырмыз. Қазір кен орнындағы барлық жұмыстар тоқтатылды. Тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.