Ақтөбеде жедел жәрдем мен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам көз жұмды

Ақтөбе – Астрахань тасжолы бойында жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Темір аудандық ауруханасына тиесілі «Уаз» автокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кеткен жеңіл көлікпен соқтығысқан. Оқыс оқиға салдарынан 54 жастағы жолаушы көз жұмып, 3 адам ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша, жол көлік оқиғасында зардап шеккен бір азамат қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы екеуі травматология бөліміне жатқызылған. Медициналық көлік жүргізушісі жарақаттан дін аман, ал жанында болған медбике ауруханада.

Мейіржан Кенжебаев, Мұғалжар аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Темір аудандық ауруханасының 59 жастағы медбикесі кеуде сүйегінің жарақаты, ми шайқалу, оң жақ жамбас сүйегінің сынығы диагнозымен түсті. 29 жастағы ер азаматтың да кеуде сүйектерінің жарақаты мен бас-сүйегі зақымданған. Екеуіне де травматология бөлімінде ем-дом жасалып жатыр.