Балқаштың жағалауындағы өрттен бес шаруа қожалығы зардап шекті

Бірнеше күннен бері Балқаш көлінің жағалауындағы өртті сөндіру мүмкін болмай тұр. Қызыл жалынның кесірінен шаруа қожалықтары мен жануарлар зардап шегуде. Арнайы техника жете алмайтын аумаққа өрт сөндірушілер ұшақпен жеткізілуде.

Балқаш көлінің жағалауындағы өртті бес күннен бері өшіру мүмкін болмай тұр. Апта басында тұтанған қамыстар алпауыт алқапқа жайылып кетті. Жағалаудағы саздан көлік жүре алмай, өрт сөндірушілерге қиындық келтіруде. Аумақтағы негізгі бақылау әрі тасымал құралы – жеңіл авиация. Яғни азаматтық тікұшақ пен ұшақтар. Желтораңғы және Ақкөл ауылдық округтарына жақын жағалаудағы 20 гектер аумақ сөндірілген. Бұл – алғашқы өрт ошақтары.

Якубжан Ибрагимов, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиабөлімшесінің ұшқышы:

- Үш күн бойы желдің қатты болуына байланысты өшіретін жерлердің қиын болуына байланысты өрт аумағы көп жерді жаулады. Бақанас аумағының Ақкөл орманшылығына қауіп төніп тұрған кезде біздің қызметкерлер десантшылардың күшімен сол аумақ толық өшірілді.

- Моторларды қара жанып кеткен. 115, 125 және екі үй.

Қызыл жалын салдарынан Балқаш ауданының шаруа қожалықтары мен демалыс базалары зардап шекті. Іле өзенінің төменгі сағасындағы шаруа қожалығының 400 шаршы метр аумағы өртке оранып, 4 қонақүй, балық қоймасы, 2 қайық жанып кетті. Өрт шалған шаруа қожалығының жұмысшысы аурухана жеткізіліпті. 1959 жылы туған ер адамның беті мен қолын 10% күйік шалған, дейді төтеншеліктер.

Ерлан Ахашов, ТЖД бастығының орынбасары:

- Өрт сөндіруге 94 маман мен 6 арнайы техника жұмылдырылған. Оған қоса Бақанас пен Күртінің орман шаруашылығы және «Қазавиаорманқорғау» қызметі де өрт сөндіруде. Өрттің нақты қайдан, қалай шыққаны анықталып жатыр. Аумақта техника жүре алмайтындықтан және қураған шөптің қалың болуынан өртті сөндіру қиын болып тұр.

Балқаш көлінің жағалауындағы өрт 10 сәуірде басталған. Содан бері 5 шаруа қожалығы зардап шегіп, қоражайлар өртеніп, 11 бас жылқы жанып кетіпті. Ал Жиделі ауылының маңайындағы шағын қайықтар жанып кетті. Жалпы шығын көлемі анықталуда.

Авторлар: Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев