Қарағандыда жоғары лауазымды басшы 500 адамға той жасады

Қарағандыда жоғары лауазымды басшы 500 адамға той жасады
Иллюстративті фото / 24.kz

Қарағандыда шенеунік қала мейрамханаларының бірінде қызының ұзату тойын жасап, 500 адам қонақ жинаған. Бұл жағдайды мобильді топ тіркеді. Мейрамхананың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінде мобильді топ өкілдері карантиндік шектеудің бұзылу фактісін анықтады. Белгілі болғандай, онда 500 адам шақырылып, қыз ұзату өткізген. Әлеуметтік желілерде мейрамхана маңына көп көлік жиналғаны туралы видео жарияланды. Іс-шараны облыстың жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі ұйымдастырған.

«Санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың бұзылуына байланысты «Ариста» мейрамханасының иелеріне қатысты нысанның қызметін тоқтату бойынша шара қабылданады. Халықтың COVID-19 ауруының өсуіне қарамастан мекеме иелері мен бұқаралық шара ұйымдастырушылар жақындарына инфекцияның жұғуы мен таралу қаупін төндіретіні өте өкінішті. Бұл мәселе Қарағанды қаласы әкімдігінің, құқық қорғау органдарының және мониторинг тобының жеке бақылауында», - деп түсіндірді Қарағанды қалалық әкімдігі. Мобильді топтар бұзушылықтарды анықтау жұмысын жалғастырып жатыр.