Қостанай облысында сәби құдыққа құлап кетті

Қостанай облысында екі жасар сәби құдыққа құлап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқыс оқиға кеше сағат 17:30 шамасында Садчиковка ауылында болған. Бүлдіршін жеке үйлердің аумағындағы тереңдігі 8 метр құдық ұңғымасына түсіп кеткен. Бала 3,5 метр тереңдікте кептеліп қалған. Оқиға орнына дереу жеткен мамандар оның тыныс алып жатқанына көз жеткізіп, құтқаруды бастады. Олар баланы шығарып алу үшін ұңғыманың жанынан тағы бір шұңқыр қазған. Сөйтіп қолы ғана көрініп тұрған баланы арқанның көмегімен шығарып алды. Құтқару операциясына шамамен 2 сағаттай уақыт кетті.