Шекарадан заңсыз тауар алып өтпек болған жүк көлігі ұсталды

Жамбыл облысында 51 қорап ұялы телефонды шекарадан заңсыз алып өтпек болған жүк көлігі ұсталды. Ал Алматы облысында 31 жастағы шетел азаматы жергілікті тұрғынға оқ атты. Елде болған осы және өзге де оқыс оқиғалар келесі топтамада.

Жамбыл облысының шекарашылары «Ауқатты» бақылау-өткізу бекетінде құны 1 млрд теңгенің ұялы телефондарын Қазақстанға заңсыз өткізбек болғандарды ұстады. Жүк көлігінің тіркемесіне қосымша қабырға жасалып, соның ішіне 51 қорап соңғы үлгідегі гаджеттердің жасырылғаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша заң аясында шара көру мақсатында тәркіленген зат Жамбыл облысының экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды.

АЛАЯҚҚА АЛДАНЫП ҚАЛҒАН

Қызылордалық азамат алаяқтың арбауына түсіп қалды. Бірлесіп кәсіп бастаймыз деген танысының сөзіне сенген ол 4 миллион теңге несие рәсімдеп, күдіктінің  қолына ұстатқан. Бизнес тұрмақ, қаражатын қайтара алмай алданған жәбірленуші полицияға арызданды. Аталған дерек бойынша, қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүруде.

КІСІ ӨЛТІРУГЕ ОҚТАЛҒАН

Алматы облысында кісі өлтіруге оқталған 31 жастағы Өзбекстан азаматы ұсталды. Табыс табу мақсатымен Ұзынағаш ауылына келген ол жергілікті тұрғынның қарамағында малшы болып жұмыс істейді. Екеуара ұрыс-керіс кезінде қолына мылтық алған шетел азаматы мал иесіне оқ атады. Кеуде тұсына оқ тиген Ұзынағаш тұрғыны аурухана түскен. Ал күдікті қамауға алынды.

МАС КҮЙДЕ КӨЛІК ЖҮРГІЗГЕН

Семейде 2019 жылдың қаңтарынан бастап үш жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған 29 жастағы жүргізуші тағы мас күйінде ұсталды. Оны полиция қызметкерлері кезекті патрульдеу кезінде анықтаған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүруде. Жүргізушінің кінәсі дәлелденсе бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ЕСІРТКІ САТҚАН ЖІГІТ ҰСТАЛДЫ

Өскемен қаласында полицейлер 24 жастағы азаматты тінту барысында 9,2792 грамм психотроптық ұнтақ зат тәркіледі. Сонымен қатар бұл азаматтың Петропавл қаласында есірткі заттарын өткізген аса ауыр қылмысы үшін іздесуде жүргені белгілі болған. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмысы дәлелденсе, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.