Алматыда ұрлық жасағандар Атырауда ұсталды

«Алматы-Атырау» пойызы арқылы келген жолаушылардың сөмкесін тексеру барысында 3 азаматтан Алматы қаласындағы «Монами» дүкенінің тауарлары табылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Ұсталған азаматтар тәркіленген заттарды 5 қаңтар күні болған жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрлағандарын мойындаған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Мейірбек Өтеғали, Атырау станциясы ЖПБ криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы:

– Тексеру барысында Ақтау қаласының 3 тұрғынынан ұрланған заттар анықталды. Яғни, 30 дана әтірсу, 55 дана косметикалық бұйымдар. Аталған іс-шара теміржолдың күзет фирмасы мен ұлттық ұлан әскери бөлімінің қызметкерлерімен жүзеге асырылды.  Аталған факт бойынша ҚР ҚК 191 бабының 3 бөлімі 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.